astana-view

Жоғарғы сотта ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аралық соттар туралы заңнаманы реформалау жөнінде ұсыныстарды таныстырды

2014 жылғы 29 Сәуір
9050 просмотров

Бүгін Астанада  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Жоғарғы сот басшылығы арасында жұмыс кездесуі өтті.  

Кездесуге Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мами, Жоғарғы сот судьялары, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылық құрамы қатысты. 

Іс-шарада Ұлттық палатаның халықаралық төрелік және аралық сотты құрудағы тәсілдемелері таныстырылды. 

Аралық сот және төрелік сотты қалыптастыру -  ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты қызметтерінің бірі болып танылады. Сондай-ақ ол кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетуге, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасауға бағытталған. 

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрешілер (аралық төрешілердің) тәуелсіздігі мен құзыреттілігін, сондай-ақ аралық сот пен палата төрелігі қызметінің айқындығын  қамтамасыз ететін қажетті  барлық құжаттар мен рәсімдерді әзірлейтін болады», - деп атап өтті Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев. 

Алдағы уақытта құрылатын ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрелік (аралық) қарау орталығының қызметінің басты нысанына медиация, еңбек төрелігі, төрелік (аралық) қарау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру және оларды оқыту, статистикалық жұмыстар мәселелері жататын болады.  

 Аралық сот және төрелік сотты құрудың институционалдық мәселелерімен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  Жоғарғы сот сарапшыларымен бірлесіп аралық соттар туралы  заңнаманы  тұжырымдамалық реформалау бойынша аралық соттардың мәртебесін күшейтуге және аралық соттар мен халықаралық төреліктің құқықтық тәртіпте айырмашылықтарын жоюға бағытталған  ұсыныстарды талқылаудан өткізген. 

Іс-шара қатысушылары  халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген бұл ұсыныстар  Қазақстандағы аралық соттардың дамуында жаңа сапалы кезеңнің басталуына түрткі болып, алдағы уақытта мемлекеттік соттарды экономикалық даулар жүктемесінен азайтуға оң әсерін беретіндігін атап өтті. 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер