astana-view

Президент бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды

2021 жылғы 01 Сәуір
12307 просмотров

Мемлекет басшысы бизнестің карантиндік шараларға байланысты проблемалары мен мұн-мұқтажын назарға алды. Бүгін елдегі COVID ситуациясына қатысты жиын өткізіп, бір қатар шұғыл тапсырма берді, олардың қатарында кәсіпкерлерді қолдауға арналған шаралардың жедел пакетін қабылдау бар

 Президент коронавирусқа байланысты жағдай тым мүшкіл екенін атап өтті. Эпидемия өршіп барады, ауру жұқтырудың өскені тіркеліп, вирустың мутацияланған жаңа штамдарының пайда болуда. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Алайда пандемиямен күрестің сәтті өтуі – елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі элементтерінің біріне айналып отыр.

«Азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ұшықтыруда», – деді Мемлекет басшысы.

Президент уәде етілген 1 ақпаннан іске асуы керек жаппай вакцинациялау   басталмағанын атап өтті, елде халықтың 0,1 пайызға да жетпейтін бөлігі вакцина алған. Пандемия басынан бір жылдан астам уақыт өтті, ал коронавирусқа қатысты мәселе әлі де қатаң шектеулер және тыйымдармен шешіліп келетінін айтты.

«Вакциналау барысын кешеуілдету – абстрактылы проблема емес… Мәселе елдің ұлтттық қауіпсіздігі жайында. Бұл дегеніміз азаматтарымыздың індетке жаппай шалдығуы, өлім санының артуы. Бизнестің жіберіп алған табысы, бюджетке түспей қалған салық, ұлттық байлық деңгейінің жалпы төмендеуі», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Осыған дейін кәсіпкерлер бизнес пен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жұмыс істеуге мүмкіндік беруді бірнеше рет өтінген болатын. Өз тарапынан кәсіпкерлер вакциналауға белсенді қатысуға дайын. Карантиндік тыйымдар мен шектеулерді алдын ала хабарлаусыз әрі тиісті негіздемесіз жүргізіп жатқан санитар дәрігерлердің әрекеті түйткілді мәселеге айналған. Бұл жайт бизнес және халық арасында орынды наразылықты тудырды.  

 «Егер Үкімет пандемияға байланысты жағдайды бірінші кезекте жаппай вакцияналау арқылы жақсарта алса, онда мамыр айынан бастап ШОБ субъектілері, соның ішінде қызмет көрсету саласына салынған шектеулерді кезең-кезеңмен жұмсартуға кірісуге болады», – деп хабарлады Мемлекет басшысы.

 «Атамекен» санитар дәрігерлердің әрекеті болжамды әрі түсінікті болуы үшін санитар дәрігер және бизнестің өзара әрекеттесуінің нақты алгоритмін қабылдау мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Бүгін бұл түйткілді Президент ереше атап өтті. Кәсіпкерлердің мәселелерін шұғыл шешу мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке мынадай шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырды.

 «Бірінші, экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ субъектілеріне салынатын кейбір салық және төлемдерді кейінге шегеруді енгізу. Екінші, салық және кедендік берешекті күштеп өндіруді тоқтата тұру. Бұл шаралар жаппай вакциналау басталуы мен шектеулердің басым бөлігін алып тастағанға дейін уақытша қолға алынуы керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ субъектілерінің несиелері бойынша төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

 Мемлекет басшысы Ashyq жобасының қолданыс ауқымын кеңейтуді тапсырды. Осыған дейін Ұлттық палата мамандары цифрлық мониторинг қатаң карантинге балама бола алатынын атап өткен. Қазіргі кезде Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Алматыда пилоттық жобаға 322 кәсіпкерлік субъектісі қатысып жатыр.

 «ASHYQ жобасын жаппай тарату – бизнестің міндеті ғана емес. Үкімет алдында жүйені кеңейту және белсенді енгізу міндеті тұр. Сонымен қатар сәйкес нормативтік базаны құру маңызды», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Президент кәсіпкерлердің тағы бір түйткіліне – мониторингтік топтардың жүйесіз тексерулер өткізуіне тоқталып өтті. «Атамекенге» кәсіпкерлер мониторингтік топтар тарапынан заңсыз тексеру жүргізу фактілерімен жиі шағым түсіреді.

 «Шектеулер мен тексерулер нәтиже әкелмей, әлеуметтік шиеленістің себебіне айналды... Мониторингтік топтардың жұмысы кейде таңдаулы, ашық емес сипатта жүргізіледі – кей нысандар үнемі бақылауда болса,  басқалары мүлде тексерілмейді», – деді Президент.

«Кімді қашан тексерем, өзім білем» принципін жою үшін «Атамекен» тексеруді цифрлық платформада алдын ала міндетті тіркеуді енгізуді ұсынды, осылайша кәсіпкерлер тексерудің жоспарлы жүргізілетінін білетін болады.

 Мемлекет басшысы рейдтер кезіндегі заңбұзушылықтарға шағымдар қабылдайтын колл-орталық құруды ұсынды.

«Прокуратура жанында рейдтер кезіндегі заңбұзушылықтарға шағымдар қабылдайтын колл-орталық қызмет етуі тиіс. Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия әкімдіктермен бірлесіп, мониторингтік топтардың жұмысын ретке келтіруі тиіс», – деді Президент.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер