astana-view

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Кедендік бақылау комитеті арасындағы әріптестік ҚР Кедендік кодексін жетілдіруді қамтамасыз етеді

2014 жылғы 30 Сәуір
8769 просмотров

2014 жылғы 30 сәуірде ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік әкімшілік ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылау бойынша бейнеконференция өтті.

Қолданыстағы занамаға сәйкес, аталған заң жобасына жете сараптама жүргізу мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы www.palata.kz ҚР ҰКП ресми сайтында және өңірлік филиалдарда еліміздің  барлық өңірлерінде бизнес өкілдерінің аталған құжатты кең талқыға салуын ұйымдастырған болатын.

«Бизнес өкілдерінің ұсыныстары негізінде жасалған ұсыныстар пакетінің (ҚР ҰКП ұсынылған 32 ұсыныстан 26 ұсыныс қабылданды) басым бөлігі талқыланып отырған заң жобасында ескерілді.  Атап айтқанда, заң жобасының бірінші нұсқасында өкілетті экономикалық операторларға қосымша жаңа алымдар енгізуді көздейтін нормалар алып тасталды, сондай-ақ кәсіпкердің өз қателігін түсініп, осы қателіктерді жойған жағдайда және тауарлар шығарылғаннан кейін тауар кодын өзгертуіне қатысты кәсіпкерге айыппұл салынбауын қарастыратын өзгертулер бекітілді», - деді ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев.

ҚР ҰКП Кедендік әкімшілік ету департаментінің директоры Ирина Аңсарова бейнеконференцияда сөйлеген сөзінде  заң жобасының екінші нұсқасы оң бағаланып отырғандығын атап өтті.

 «Заң жобасының соңғы нұсқасында декларант пен кеден өкілінің жауапкершілігі ажыратылған, сондай-ақ тауар шығарылғаннан кейін тауар кодын өзгерту тәртібі нақтыланып көрсетіліп, кедендік органдардың кедендік декларациялау барысында тауар шығарылғаннан кейін тауарлар сыныптамасы дұрыс еместігі анықталған жағдайда декларанттарды жауапкершілікке тартпауды қарастыратын норма белгіленген. Сонымен қатар  камералдық кедендік тексеру  қорытындысы бойынша декларантқа бұзушылықтарды өз бетінше жою  құқығын беретін қағидаттар енгізілген. Бизнес пен кедендік органдар арасында аталған заң жобасын  бірлесіп талқыға салу нәтижесінде осы нормаларды енгізуге қолжеткізілді. Қарастырылып отырған заң жобасы, біздің ойымызша, кедендік әкімшілік ету жұмыстарын айтарлықтай жақсартып, бизнестің қаржылық шығындарын азайтуға жағдай жасайды»,- деді  Ирина Аңсарова.

Іс-шараға қатысқан ҚР Қаржы министрлігі мен ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің өкілдері кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Бейнеконференцияға қатысушылар кедендік реттеудегі бірқатар түйіткілді мәселелерді, оның ішінде электрондық декларациялау мәселелерін талқылады. Айтар болсақ, отандық бизнес өкілдері  бірқатар мемлекеттік органдарда рұқсат беру құжаттарын электрондық түрде ұсыну мүмкіндігінің қарастырылмауы электрондық декларациялаудың толық қызмет етуіне  тосқауыл жасап отырған  кедергілердің бірі екенін атауда. 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер