astana-view

Шығыстың шаруалары жер заңнамасына ұсынылған өзгерістерді құптайды

2021 жылғы 28 Сәуір
- Шығыс Қазақстан облысы
5889 просмотров

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес субъектілерінің ұсыныстарына негізделген жер заңнамасына бірқатар маңызды өзгерістер енгізу ұсынылды. Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің бастығы Асқар Жақыпбаев айтты.

ӨКП өкілі 2021 жылдың басынан бастап ШҚО Кәсіпкерлер палатасы АӨК саласындағы бизнес субъектілерімен жер қатынастары мәселелері бойынша бірнеше кездесу өткізгенін атап өтті. Шарауалардың барлық ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінен түскен ұсыныстар шоғырландырылып, мемлекеттік жер комиссиясының жұмыс топтарына жіберілді. 24 сәуірде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен комиссияның қорытынды отырысында комиссия мүшелері жинақталған ұсыныстарға дауыс берді.

Естеріңізге сала кетейік, Жер реформасы жөніндегі комиссия ел Үкіметі жанынан арнайы құрылған болатын. Соңғы отырыста қатысушылар ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін қазақстандықтарға меншікке беруге мораторийді 5 жылға ұзартуды ұсынды.

Жер комиссиясының осы және басқа да ұсынымдары Парламенттің қарауына енгізілетін заң жобасының негізіне алынбақ.

«5 жыл ішінде мемлекеттік органдар жер телімдерін түгендеу мен аудиттің сапалы орындалуы және жүргізілуін, топырақ және геоботаникалық ерекшеліктерді ескере отырып, аймақты айқындауы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлердің нарықтық құнын есептей отырып, соңғы оң жылда өзгермеген  кадастырлық құнын анықтауы тиіс. Әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жерлерін электрондық форматта ашық түрде берудің интеграцияланған механизмі жасалатын болады. Осыдан кейін жерді жеке меншікке беру немесе бермеу мәселесіне қайта ораламыз», – деді Асқар Жақыпбаев мораторийді ұзарту туралы ұсынысқа түсінік беріп.

 Жиында заң жобасына енгізілетін басқа да маңызды ұсынымдар жасалды. Мәселен, қазақстандықтарға ұзарту мүмкіндігімен жерді  49 жылға ұзақ мерзімге жалға беру құқығын беру ұсынылды. Ос ретте комиссия мүшелері жалға берілетін жер телімдерінің шекті мөлшерін Үкімет қаулысымен бекіту қажет деп санайды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді субарендаға беруге тыйым салу ұсынылды.

 «Республикада субаренда белең алғаны жасырын емес. Біреу өз жер телімін алып, жұмыс істейтін екінші тарапқа субарендаға береді де, жалға беру қаражатына салық төлейді, кәсіп дөңгелеткендей болады. Енді мұндай болмауы керек, жерді жыртып, егін еккен адам ғана жерді жалға алуы тиіс», – дейді Асқар Жақыпов.

 Жерді жалға беруді ашық жүргізуде қазақстандықтарға ұзақ мерзімді жалға берілген жерлердің кадастрлық деректерге қолжетімділік маңызды қадам болмақ.

 «Осыған дейін бұл құпия ақпарат саналатын да, кімнің жері қайда, жер пайдаланып жатыр ма, жоқ па ешкім білмейтін. Енді деректер ашық берілсе, кез келген шаура қожалығы жақын арада қолданусыз жатқан жерлердің барын көре алады», – деп атап өтті ӨКП басшысы.

 Жер беруде жемқорлық фактілері де көтерілді.

«Жер қатынастарын цифрландырудың дамуына байланысты бұл қызмет автоматтандырылады. Бәрі анық, қолданыста оңай, түсінікті болады, өйткені Egov-та адам факторы толығымен алынып тасталады. Бұл бағытта дайындық кезеңі 2023 жылға дейін жалғасады», – деді Асқар Жақыпбаев.

Мал өсірушілерге келетін болсақ, көптеген шаруа жайылымдық жерлердің  жетіспеушілігін сезінуде, сондықтан комиссия өткен кезең туралы өзекті ақпарат алу үшін космомониторинг қызметтері мен мемлекеттің ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ету бойынша шешім қабылдады. Бұл ретте, жергілікті халыққа орман қорының жерлерін мал шаруашылығы және жемшөп дақылдарын өндіру үшін 10 жыл мерзімге пайдалануға, сондай-ақ әрбір ауылдық елді мекеннің аумағында жалпыға арналған жайылымдықтарды айқындауға мүмкіндік беру ұсынылды.

Келесі айда заң жобасы ҚР Парламенті депутаттарына жіберіледі. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мамандары барлық ұсыныстар назарға алынады деген үмітте.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер