astana-view

СҚО-да қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылады

2021 жылғы 28 Сәуір
- Солтүстік Қазақстан облысы
10769 просмотров

Бағдарлама СҚО Кәсіпкерлер палатасы және  «Shopan-ata»   қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығының бастамасымен қолға алынды. Бүгінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаманы қолдап, Қой шаруашылығын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламаның басталауын ресми түрде хабарлады.

 Қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысының Өңірлік даму картасын талқылау кезінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қой шаруашылығын дамытуда өңірдің зор әлеуетін атап өткен. Қазіргі кезде СҚО-да қой өсірумен 207 шаруа қожалығы айналысады. Осы ретте «Екпін» ЖШС, «Қаратомар» ЖШС, «Анар» ШҚ, «Ман» ШҚ сынды бірнеше қожалық асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып, мал басын өсіруде.

Бүгіннің өзінде облыс әкімдігінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен қой шаруашылығын дамыту бойынша екінші жиын өтті (біріншісі ақпан айында болды). Жиынға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Shopan-ata» қой өсірушілердің ұлттық қауымдастығы, облыстық атқарушы органдар, облыстың қаржы ұйымдары, аудан әкімдері, сонымен қатар қой өсірумен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

«Атамекен» ҰКП-ның басқарушы директоры Ербол Есенеев атап өткендей, жиында қой шаруашылығын 2030 жылға дейін дамытудың өңірлік бағдарламасы таныстырылды.

 «Бағдарламада 10 жыл бойы қой басын үш есе өсіріп, 1,6 млн басқа дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар құжат ауыл шаруашылығын өндірушілер және 20 мыңға жуық жеке үй шаруашылығын тартуды қарастырады. Осы бағытта зор әлеует бар, отандық қой етінің бір келісін 5,5 АҚШ долларына (2300 теңге) экспорттауға болады. Бұдан бөлек, ішкі нарықты сапалы әрі арзан етпен қамтамасыз етуге болады. Келешекте өңірде ет өңдеуші кәсіпорындар, бордақылау алаңдары және асыл тұқым өсіру орталықтары пайда болады», – деді Ербол Есенеев.

Өңірде мал өсуінің елеулі тенденциясы бар екенін атап өткен жөн. Сонымен, алдын-ала мәліметтер бойынша, қой басының өсуі 2021 жылы шамамен 8%-ға немесе 28000 басқа артады. Ол үшін аталған саланы екі бағытта дамыту ұсынылды. Біріншісі – асыл тұқымды мал басын сатып алуға тауарлық несие беру арқылы қолданыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне қой санын көбейту. Екіншісі – қорасында 50-100 бас ұстай алатын жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау.

 Бағдарламаны іске асыру үшін қаржыландырудың бірнеше механизмі бар. Атап айтқанда, Ауыл шаруашығын қаржылай қолдау қоры арқылы 7 жылға жылдық 6%-бен қаржыландыруды қарастыратын «Еңбек» бағдарламасын қолдану. Сонымен қатар «Солтүстік» ӘКК-тен қой басын сатып алу үшін қаражат алуға болады – төлемдерді 1 жылға дейін кейінге шегерумен жылдық 2-4%-бен тауар несиесін алу. Бұдан бөлек, биылдан бастап СҚО Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «Атамекен-Қызылжар» МҚҰ жұмысын бастайды, ұйым арқылы «Бастау Бизнес» түлектері қой өсіруге жылдық 6 пайызбен 7 жылға дейін несие ала алады.

 Қолға алынған шаралар және бизнестің ұсыныстары өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін артуын қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Өз кезегінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қой шаруашылығын дамыту бағдарламасына қатысам деушілерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер