astana-view

Қисынсыз қайшылық. Мемлекеттік сатып алуларда міндеттемелердің орындалмауы мәселесі қаралды

2021 жылғы 11 Мамыр
9585 просмотров

2021 жылдың бірінші тоқсанында «Атамекен» ҚР ҰКП-ға бизнес субъектілерінен мемлекеттік сатып алулар шеңберінде келісімшарттық міндеттемелерді тиісті деңгейде орындамауға қатысты 140 өтінім келіп түсті, 2020 жылы мұндай 416 өтінім тіркелді.

Мұндай ақпаратты бизнес және мемлекеттік органдармен кездесу барысында Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққ қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов айтты.

 «Мемлекеттік сатып алу бойынша міндеттемелердің орындалмауы белгілі бір деңгейде мемлекеттік органдар енгізген шектеулерімен байланысты. Белгіленген шектеулердің кейбіреулері қарама-қайшы және азаматтарға түсініксіз», – деді Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес төрағасы санитар дәрігерлердің шешімдерінде кейде қисынсыз әрі біріне бірі қайшы талаптар кездесетінін, бұл кәсіпкерлерді сотқа тартуға жағдай туғызатынын баса айтты.

«Мемлекеттік органдар талап-арызды үйіп-төгеді, соттарды қажетсіз жұмыстармен жүктеп, кәсіпкерлерді сот істеріне тартады, өйткені заңнама олардан барлық дауларды Жоғарғы Соттың қарауына жеткізуді талап етеді. Атап айтқанда, бұл заң қызметтеріне, сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктердің резервін пайдалануға қатысты Үкімет қаулыларында бекітілген», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

 Тәжірибе көрсеткендей, тапсырыс берушілер-мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы екенін тану туралы талап арыздары шектеу шаралары кезеңінде кері қайтарылуда, бірақ Жоғарғы Соттың түсіндірмелері кескінінде міндеттемені орындай алмау сомасын (өсімақы) өндіріп алу туралы талап қанағаттандырылып жатыр.

 Мысалға, ҚХР-мен шекарада карантиндік шектеулер енгізілгендіктен «Technodom Operator» АҚ  жалпы сомасы 3 427 830 000 теңге құрайтын қашықтан оқытуға тапсырыс берілген ноутбуктарды уақытында жеткізе алмады, компаниядан Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен 102 834 900  теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы сомасы өндіріліп алынды.

 Тура осылай «BSB Trade & Advertising» ЖШС Қытай мен Қазақстан шекарасындағы шектеу шаралары салдарынан 19 700 дана ноутбукты уақтылы жеткізе алмаған, соның салдарынан компанияға қатысты Алматы қалалық сотының шешімімен 9 720 940 теңге тұрақсыздық айыбы салынды.

 Осы мәселені шешу үшін Кеңес барысында Қаржы министрлігі, Әділет министрлігі, Жоғары Сот және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бірқатар ұсыныстар айтылды.

 Атап айтқанда, Қаржы министрілігіне мемлекеттік сатып алулар бойынша тапсырыс беруші-мемлекеттік органдардың осы негіздер бойынша шарттық міндеттемелерді бұзуға жол берген қызмет көрсетушілерді материалдық жауапкершілікке тарту туралы соттарға талап-арыз енгізу құқығын шектеу ұсынылды.

 Әділет министрлігіне Денсаулық министрлігімен бірлесіп,  карантинге байланысты шектеулерді белгілеу туралы санитар дәрігерлердің қаулылары жобаларына құқықтық сараптама жүргізу алгоритмін әзірлеу ұсынылды.

  «Заңнама, құқық қолдану практикасындағы қайшылықтар бизнесті жауапкершілікке негізсіз тартуға әкеп соғуда. Ал құқықтық механимздердің болмауы  келісімшарттық жеткізілімдер, мердігерлік, несие, лизингтік немесе жалға алу міндеттемелер бойынша мемлекеттік сатып алулар саласындағы қарама-қайшылықтарды тез жоюға мүмкіндік бермейді. Мұндай жайт кәсіпкерлік қызметте кедергілерді түзеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына әкеледі», – деп қорытындылады Кеңес төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер