astana-view

Өскемен тұрғындары риддерліктерге көмек көрсетуде

2021 жылғы 11 Мамыр
- Шығыс Қазақстан облысы
7630 просмотров

10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында шарпыған өрт салдарынан бір әйел қаза тапты, бірнеше адам зардап шегіп, 30-дан астам отбасы баспанасыз қалды. Алапат өрттің шығуына қала тұрғынының отқа немқұрайлы қарауы себеп болған. Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау штабын ұйымдастырды.

 ШҚО ақпараттық орталығының хабарлауынша, «Казцинк» ЖШС басшылығы Риддер қаласында үй жанып кеткен барлық тұрғынына 1 миллион теңгеден бөлмек. Ал өскемендік кәсіпкер Исатай Аңсат зардап шеккен отбасыларға бұрын әскери бөлімнің ғимараты болған ауданы 3800 шаршы метрді құрайтын нысанды тегін ұсынуға ниет білдірді.

 Зардап шеккен отбасылармен кездесу барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов оларға тамыз айының соңына дейін жаңа үйлердің кілтін табыстауға уәде етті. Жаңа үйлерді Ботаника шағын ауданында бес құрылыс компаниясы салады.

11 мамырда ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанынан зардап шеккен риддерліктерге көмек көрсету жөніндегі штаб құрылды. Күні бойы кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар палатаға азық-түлік, сабын жуғыш заттар мен киім-кешек жеткізді. Олардың қатарында Орталық әмбебап дүкенін (ЦУМ) жалға алушылары мен басшылығы, «Банный двор» ұжымы, «Кристина» азық-түлік дүкенінің иесі, белгісіз болып қалғысы келген бизнесмендер және Риддердің қайғысына ортақтасқан қарапайым азаматтар бар.

 «Шығыстың кәсіпкерлері көмекке мұқтаж жерлестеріне қашан да қол ұшын созып келген. Бүгін бизнес-қоғамдастықтан кезекті рет әлеуметтік жауапкершілікті танытып, риддерлікке көмекке келуге шақырамыз», – деп ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек үндеу тастады.

Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының Риддер қалалық филиалы хабарлағандай, қазіргі кезде зардап шеккендер бірінші кезекте дәрі-дәрмек, тамақ пен төсек тысына мұқтаж.

Гуманитарлық көмек көрсету бойынша Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының штабы азық-түлік пен алғашқы қажеттіліктегі заттарды 13 мамырға шейін жинап, 14 мамырда гуманитарлық көмек Риддерге жөнелтіледі.

 Мекенжайымыз: Өскемен қаласы, Әуезов д-лы,  26/1, 5-кабинет. Анықтама ақпарат: 8 (7232) 742-111.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер