astana-view

Түркістан облысында «Ashyq көшбасшылары» қосымша жеңілдіктерге ие болады

2021 жылғы 16 Маусым
- Түркістан облысы
5359 просмотров

Соңғы екі апта ішінде «Ashyq» қосымшасында келушілер саны бойынша жоғары деңгей көрсеткен қоғамдық орындар «Ashyq көшбасшысы» мәртебесіне ие болады.

Бұл нысандар өңір «жасыл» аймақта болғандықтан жұмыс режимін 2 сағатқа қосымша ұзартылып, сондай-ақ нысанды толтыруды 10% арттыра алады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков мәлімдеді.

«Ashyq қосымшасын толыққанды пайдаланып жатқан қоғамдық орындар облысымыздағы ең қауіпсіз нысандар деп айта аламыз. Бүгінде өңірімізде тіркелген «чек-ин» саны бойынша көшбасында тұрған 5 қоғамдық орындар анықталды. Олар Түркістан қалалық әуежайы, Сайрам ауданында орналасқан «DIAMOND» кешені, Түркістан қаласындағы «Top Tobe» банкет залы, Сайрам ауданындағы «Рандеву Сити» курорты және «Kinopark» кинотеатры. Аталған нысандардың ұжымына келушілер мен қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жобаны қолдағандары үшін алғыс білдіреміз», - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында кәсіпкерлер арасында жобаға қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде Өңірлік палатаға бес жүзге жуық өтінім келіп түскен. Оның 400-ге жуығы қосымша бойынша жұмыс істеу үшін QR-код алған, оның ішінде ерікті түрде кірген коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар да бар. Ал 90 нысан қосымшаны пайдаланбағаны үшін екі аптаға жобадан шығарылған.

Брифингке қатысқан облыстың Бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов облысымызда эпидемиологиялық жағдай жақсарып, коронавирус инфекциясы мен пневмонияға шалдығу көрсеткіші төмендегенін айтып өтті. Бұл да жобаның тиімділігінің нәтижесі.

Түркістан облысының Кәсіпкерлер Палатасы жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімін жасақтауды жалғастыруда.

Ashyq қосымшасына қатысты барлық сұрақтар бойынша Кәсіпкерлер палатасының аудандық және қалалық филиалдарына жүгінуге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер