astana-view

«Атамекен»: жұмыс берушілер қиын жағдайда, тағы салмақ салудың қажеті жоқ

2021 жылғы 22 Маусым
7351 просмотров

Жұмыс берушілердің қосымша 5% міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) енгізу туралы бастама алғаш рет 2014 жылы зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында жария етілді. «Атамекен» ҰКП сол кездің өзінде өзгерісті қолдамай, талдаудан кейін теріс қорытынды шығарған.

Теріс қорытындыға қарамастан, 2015 жылы бұл норма «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына енді. Бірақ өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі керек еді.

2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін бизнес қоғамдастық арасында туындаған қарсылықтан кейін жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы аударымдарын енгізу мерзімі екі рет – 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға және 2023 жылғы 1 қаңтарға ұзартылды.

Алайда, осы кейінге қалдыру нормасын қабылдау кезінде ҚР Президенті жұмыс тобын құруды, зейнетақы жүйесін реформалау туралы мәселені қарауға қайта оралуды және ЖМЗЖ балама тетіктерін табуды тапсырғанын атап өткен жөн.

Талқылау деректері әзірге жүргізілмеді, бірақ, заңдағы норма қазір әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекске біртіндеп ауысуда.

«Пандемия кезеңіндегі экономикалық жағдайды 2014 жылмен салыстыруға келмейді. Жұмыс берушілер дағдарыс жағдайында және қосымша жүктемені енгізуге жол беру дұрыс емес. «Атамекен» сауалнамаларында кәсіпкерлердің 56 пайызы пандемияға байланысты кірістердің едәуір қысқарғанын атап өтті. Неғұрлым адам көп қажет ететін салалар: қоғамдық тамақтану, қонақүй бизнесі, қызмет көрсету және тағы басқа сала қызметкерлерінің шамамен 20 пайызы қысқартылды немесе ақысыз еңбек демалысына жіберілді», – деп жазады «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Ожас Ордабаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Бүгінде Қазақстанда еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме жоғары. Қазір әрбір жалдамалы жұмыскер үшін бизнес салық агенті ретінде 5 төлем (ЖТС, әлеуметтік салық, БЖЗҚ, МӘСҚ, ӘМСҚ жарналары) төлейді, ал жалпы жүктеме 34 пайыз. Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа деңгейде (2020 жылы 34,6%).

Еске салайық, Атамекен жүктемені 34%-дан 20%-ға дейін төмендету және оны бірыңғай төлемге біріктіру қажеттігі туралы бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Аталған шараны бірнеше рет ауыстыру еңбек нарығының жұмыс беруші тарапынан қосымша зейнетақы жарналарына дайын еместігін көрсетеді. Күрделі экономикалық жағдайды ескере отырып, бұл норманы Әлеуметтік кодекс жобасынан алып тастау қажет деп санаймыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер