astana-view

«Кәсіпкерлік қырандары»: Түркістанда жобаның екінші маусымы өтті

2021 жылғы 29 Маусым
- Түркістан облысы
6473 просмотров

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдіктің бірлесе жүзеге асырып жатқан елімізде алғаш рет “Бастау бизнес” түлектерін және ұтымды бизнес жобасы бар кіші кәсіпкерлерді менторлық, инвестициялық, инфрақұрылымдық қолдауға бағытталған "Кәсіпкерлік Қырандары" жобасының екінші маусымы өтті.

Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің қатысуымен өткен бұл жобаға Өңірлік кеңестің белді мүшелері ментор ретінде қолдау білдірді.

Олардың қатарында «Аlma Jabagly» ЖШС директоры Мақсат Абдукаримов, «Таңбатыр-112» ЖШС директоры Ғазиз Ерімбетов, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ төрағасы Хайрулла Қожабаев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жананыдағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, «Сенім жүрек» мүгедектер қоғамы» ҚҰ төрағасының орынбасары Гүлбақира Тәжібаева, «Келешек-С» ЖШС басшысы Салман Дукенбаев және «Қаратас Майнинг» ЖШС директорының орынбасары Әсет Кәрімов секілді бизнес алпауыттары бар.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев инвесторларға жас кәсіпкерлерге менторлық қолдау көрсету мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, жоба жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Айта кетейік, жобаның бірінші маусымында инвестицияға қол жеткізген кәсіпкерлеріміздің қазіргі таңда жобалары жүзеге асып, кәсіптері дамуда.

Екінші маусымға қатысуға Палатаға 170-ке жуық өтінімдер келіп түсті. Оның ішінде 8 жоба іріктелді.

Инвестиция және менторлар үшін күресте жас кәсіпкерлеріміз цифрлық аудио кітаптарды қазақ тілінде ұсынатын мобильдік қосымша, арболит блогын шығару, бал ара шаруашылығы (омарташылық), балалар ойын сауық орталығы, медиа саласында комплексті қызмет көрсететін мектеп ашу, эпоксид смола өнім шығару цехы және құрылыс қолғабын өндіру секілді жобаларымен таныстырды.

Нәтижесінде инвесторлар мен қатысушылар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келісімге келді.

«Жаңадан бой көтеріп келе жатқан шаhарымызда жастардың креативті идеяларын жүзеге асыруда, олардың бизнесте жіберілетін біршама қателіктер мен шығындардың болмауына көмек көрсететін, жол нұсқаушы «Бизнес Қырандары» болмақ. Бұл дегеніміз, 8 жас әрі белсенді кәсіпкер бизнес бастап, оны жетілдіруге мүмкіндік алды»,- деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер