Ұлттық палата қызметкерлеріне дәрігерлер вакцинаға қатысты мәлімет беруде
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакциналауға қатысты мәлімет беруді жалғастырып жатыр.
Кәсіпкерлер де өздерінің еңбек ұжымы мен клиенті алдындағы жауапкершілікті біледі, сондықтан бизнес нысандарында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда вакциналау жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің 30 маусымдағы деректеріне сүйенсек, елімізде вакцинаның бірінші компонентін 3 335 172 адам, екінші компонентін 2 000 596 адам салдырған. Вакциналаудың тиімділігіне талдау жүргізіліп, сәуір-мамыр айларында екпе салдырған 1,3 миллион адамнан 3,3 миллион адамға дейін өскен соң сырқаттанушылықтың 2 есе төмендегені байқалады.
Ұлттық палата бұл бағытта қызметкерлері үшін вакцинаға қатысты мағлұмат бере алатын мамандарды жұмылдырып жатыр. Осыған орай Medical Assistance Group компаниясының терапевті Раушан Сыздықова онлайн байланыс арқылы Палата қызметкерлеріне екпе туралы мәлімет беріп, олардың сұрағына жауап берді.
«Елімізде бірнеше вакцина қолданылуының маңызы зор. Себебі олар вакциналау деңгейін арттырады және аз уақыт ішінде ұжымдық иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Вакцинаның бір түрі болмай қалса, екінші вакцинаны пайдалануға болады. Бірақ барлық вакцина бірдей емес, сондықтан екі вакцинаны араластырып салдыруға болмайды», – деді ол.
Маманның айтуынша, 23 маусымдағы статистика бойынша Қазақстанда вакцина салдырған адамдардың 0,05 пайызы коронавирус жұқтырған. Яғни, вакциналаудың тиімділігі 92 пайызды құрап отыр.
Сондай-ақ дәрігер екпе салуға қалай дайындалу керегін де атап өтті.
«Вакцина салдырардан күн бұрын алкоголь ішімдіктерден бас тарту керек. Ал екпе салдырған күні монша, бассейнге түсуге, денені салқындатуға, ауыр жаттығу жасауға болмайды. Антиденелер қалыптасқанша көпшілік баратын жерге бармай, вирус жұқтырғандармен байланыспауға тырысу керек», – деді маман.
Раушан Сыздықова вакцинадан бөлек, пандемиямен күресу үшін әлеуметтік қашықтық сақтау, маска тағу, дезинфекция және басқа шаралардың маңызы жоғары екенін айтты. Бұл талаптар Палатаның ғимаратында толық сақталып отыр.
Сонымен қатар, еліміздің әр өңіріндегі кәсіпкерлер де вакциналауға белсене атсалысып жатыр. Ақмола облысының кәсіпорындары екпе салдырған қызметкерлерін ынталандыра бастады.
Еліміздегі полимерлік қаптаманы өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Асыл Арман» ЖШС-да қызметкерлерді екпе салуға ынталандыру үшін кәсіпорын басшылығы ақшалай лотерея жариялады: екпе алғандардың 50 мың теңге ұтып алу мүмкіндігі бар.
«Біздің кәсіпорында бүгінде 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Сондықтан қызметкерлеріміздің денсаулық қауіпсіздігі мәселесі өткір. Біз апта сайын номиналы 50 мың теңге болатын екі ақшалай сыйлық ойнатуды шештік. Өткен жұмада бірінші лотерея ұтыс ойыны өтті және жеңімпаздар анықталды», – деді «Асыл Арман» ЖШС бас директорының орынбасары Омар Шоназаров.
Айта кетейік, карантин талабы күшейген соң кәсіпкерлердің жұмысы тоқтау қаупі де күшейетінін ұмытпаған жөн. Сондықтан бұл мәселеге қатысты Ұлттық палата Денсаулық сақтау министрлігіне нақты ұсыныстар жолдаған болатын. Себебі мәжбүрлі шектеу шаралары енгізілген жағдайда бизнеске қосымша қолдау шаралары қажет болады.
Еске салайық, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында эмидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді. Олар халық көп жиналатын орындардың қызметін шектеуге бағытталған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: