astana-view

Талдықорғанда мұғалім салон ашып, шаштараз-стилисттерді дайындайды

2021 жылғы 07 Шілде
- Жетісу облысы
5388 просмотров

Талдықорғанда мектеп мұғалімі сән салонын ашты. Түрлі шаш үлгісін жасайтын нысанда 10 адам маман қызмет атқарады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Күнбарша Тұрсынбекқызы өз ісін жүргіземін деп ойламаған. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп-гимназиялардың бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен Күнбарша үшін бизнес саласы қызығушылықтан басталған. Кейін астанадан Талдықорғанға қоныс аударған соң, ұстаздық қызметті тәмамдап, кәсіпкерлік курсына жазылды. 2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілетін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуды аяқтап, мемлекеттік грантқа ие болды.

«Негізі бірінші мамандығым хор дирижерлігі бөлімінің драма актрисасымын. Екінші мамандығым бастауыш пәндерінің мұғалімі. Үйде жағдайында әр түрлі шаш үлгілерін жасап жүрдім. Қолымнан келді, сұраныс та болды. Мемлекеттік қолдаудың барын есген соң, жаңа істі бастауға бірден келістім», - дейді Күнбарша.

Бизнес-жобасын сәтті қорғап, кәсіпкер 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа қол жеткізді. Қажетті құралдар мен жабдықтар сатып алынып, тиісті орынжай анықталды.  Күнбарша Тұрсынбекқызы сән салонының салтанатты ашылуын биыл 8 наурыз мерекесіне орайластырды. Қазіргі таңда нысанда 10 маман жұмыс істейді.

Сонымен бірге, шаштараз-стилист мамандығы бойынша арнайы оқыту курстары да ұйымдастырылады. Оқытуды сәтті бітірген бірнеше маман өздерінің жеке салондарын ашып, шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.

«Негізі әр адамның арманы, алға қойған мақсаты болады. Бірақ соған жеткенше кейде сағымыз сынып жататыны бар. Еш мойымаңыздар! Армандар орындалады. Бүгінгі күнге жеңіл жеттім дей алмаймын. Шапқылап қара сөмкемді көтеріп алып, әрі бері жүгіруімнің жемісі болар. Осы күнге дейін қай жерде жұмыс істемедім, қайда бармадым. Мен үшін бір шыңға шығып, бір шыңды бағындырғандаймын. Әлі алар асуым өте көп», - дейді кәсіпкер.

Бүгінде сән салонының тұрақты клиенттері қалыптасқан. Алдағы уақытта Күнбарша Тұрсынбекқызы облыс орталығында кәсіби шаштараз-стилисттерді дайындауды жалғастырмақшы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер