Мемлекет Ashyq жобасын пайдаланатын бизнесті қолдауы тиіс – Президент
Мемлекет Ashyq-ты пайдаланатын бизнесті қолдауға тиіс. Бағдарлама өз мақсатын ақтады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте айтты.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес субъектілерін Ashyq жобасына қосылу талаптарын оңайлатуды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты орындауды үкіметке тапсырды.
«Ashyq жобасына қатысушылар санын көбейту керек. Оның функционалын жетілдіру және жұмысының күнделікті мониторингін ұмытпау керек. Бұл – маңызды. Кәсіпкерлік нысандарын Ashyq пайдаланатын тізімдерге қосу ұзақ бюрократиялық процесс екені туралы ақпарат бар. Бұл жүйенің операторы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болғанына қарамастан, объектілерді тізімге қосу талаптарын оңайлатуды қайта қарау қажет. Үкіметтен осы мәселені шешуді сұраймын. Біз пандемия жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Бизнес пен тұтынушылар үшін бұл Ashyq цифрлық шешімінің арқасында мүмкін болып отыр. Бағдарлама (Ashyq – авт.) өз мақсатын ақтады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет Ashyq және өзге де цифрлық құралдарды пайдаланатын бизнесті қолдауға тиіс екенін атап өтті.
«Екінші жағынан, мұндай мониторинг шараларын елемейтін кәсіпкерлерді қатаң жазалау керек. Бұл мәселені әкімдер ерекше бақылауға алуы тиіс. Сонымен қатар, соңғы уақытта жұқтырғандар мен байланыста болғандар, яғни қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдар саны артып жатыр. Сонымен қатар, бағдарлама оларды тіркегеннен кейін, жосықсыз (вирус жұқтырып қоғамдық орындарға баратындар – авт.) азаматтар басқа демалыс орнын іздеуге қашады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күрестің жалғыз жолы вакциналау екенін атап, кәсіпорындарда ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызына тоқталды.
«Вакциналау мәселесінде отандық бизнестің ынтымақты ұстанымы өте маңызды. Өйткені, ұжымдық иммунитетке қол жеткізбестен, бизнес үшін санитарлық шектеулерді толығымен алып тастау мүмкін емес. (...) Біз барлық құрал, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды (вакцинаның маңызын – авт.) сендіруіміз керек. Батыстың кейбір дамыған елінде сендіру әдістері мәжбүрлеу шараларына ауысты. Тек ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай шараларды қабылдамаймыз», – деді Президент.
Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 14 шілдеде үкіметке бизнестің қатаң карантиндегі жұмыс алгоритмін ұсынған болатын. Бүгінгі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте Ұлттық палатаның бірқатар ұсынысын қолдады.
Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ashyq жобасы арқылы анықталып жатқан фактілердің азаймай отырғанын бірнеше рет хабарлаған болатын. Осы уақытқа дейін жобаға 18 014 нысан қосылған. Жоба аясында адал қызмет атқармай отырған, яғни келушілердің статус тексермей отырған 1588 бизнес субъекті жобадан шығарылды. «Атамекен» кәсіпкерлерге әрдайым жобаның артықшылығын түсіндіріп, бизнесті адал атқаруға шақырып келеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: