astana-view

Түркістан облысында 62 нысан «Ashyq» жобасынан уақытша шеттетілді

2021 жылғы 21 Шілде
- Түркістан облысы
5875 просмотров

Бүгінде Түркістан облысында «Ashyq» жобасына қосылуға барлығы 1 395 өтінім түскен, оның 1 112-сі қосымша арқылы жұмыс жасауда. Ал келушілерді аз тіркеген 62 нысан жобадан уақытша шығарылды. Ал тіркеудің ең көп саны бойынша жоба көшбасшыларының тізімінде 13 нысан бар. Барлық тізімдер облыс әкімдігінің сайтына жарияланған және апта сайын жаңартылып отырады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта, Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша сары аймақта кірді. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Жағдай тұрақталғанға дейін кейбір нысандарға демалыс күндері жұмыс жасауға тиым салынды. Дегенмен, жобаға қосылған нысандар жұмыс уақыты бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары жобаға қосылған жағдайда – сағат 07/00-ден 24/00-ге дейін, ал жобаға қосылмаған жағдайда 07/00-ден 18/00-ге дейін жұмыс жасайды. Яғни, айтарлықтай айырмашылық бар, себебі келетін әр тұтынушының тамақтану орнына кірерде қалыпты жағдайы тексеріліп, бақылауға алынады», -деді Зухра Амирова.

Бұдан былай кәсіпкерлік субъектілерінің карантин талаптарын сақтауын қадағалау жөніндегі мобильді мониторингтік топтардың рейдтік іс-шаралары InfoKazahstan платформасына алдын-ала тіркелуі – міндетті процедура болып табылады.

Мобильді мониторинг топтың тексеру жүргізетін объектінің атауы, орналасқан орны, уақыты және топ мүшелерінің аты-жөні енгізіліп, тексеру актісі шығарылады. Топ мүшелері акті берілген уақыттан бастап 24 сағат ішінде объектіге тексеру жүргізу қажет.

Кейіннен, топ мүшелері объектіге тексеруге келген уақытта меншік иесіне тексеру актісін көрсетуі қажет. Кәсіпкер 24 сағаттан асқан жағдайда топты кіргізбеуге құқылы.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов облыста эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты қабылданған Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №16 Қаулысындағы өзгерістер мен толықтыруларды айтып өтті.

Айтуынша өңірде вакцина салдыру бойынша әлі де ұжымдық иммунитет қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан күшейтілген карантин талаптарына түсіністікпен қарай отырып, міндетті түрде маскалық режим, адамдардың көп шоғырлануын болдырмау, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау керек екендігін еске салды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер