astana-view

Қырғызстан кәсіпкерлері елдің Кедендік одаққа қосылуын қолдайды

2014 жылғы 11 Мамыр
3736 просмотров

Қырғызстанның ірі базарларында көтерме сауда жасайтын кәсіпкерлер елдің Кедендік одаққа тезірек кіруін қалайды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақ елі көршісімен сауда-саттыққа шектеу қойғаннан бері кәсіпкерлер шаш-етектен шығынға батумен келеді. Кәсіпкерлердің пікірінше, жағдайдан шығудың жалғыз жолы Қырғызстанның жаңа нарыққа шығуына мүмкіндік беретін Кедендік одаққа мүшелікке мейілінше тезірек өтуі болмақ. Қырғызстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі базар «Дордойдың» саудагерлері дабыл қағуда. Олардың саудасы соңғы айда мүлде тоқтап қалды. Қалтаға түсер табыстың сарқылғаны сонша,  кәсіпкерлер сауда орынын жалға алатын қаражат таппай отыр. Дағдарыстың басты себебі – бұрын Ресей мен Қазақстаннан арнайы келіп сауда жасайтын тұтынушылар легінің тоқтауы. Бұл елдер Қытай тауарларын Қырғызстан арқылы алудан біржола бас тартты деуге болады. Ал бұл - Кедендік одақтың аяғынан тік тұрғанының айғағы.

Дамира Долоталиева, «Дордой» базары еңбеккерлері кәсіподағының төрайымы:

- Неге экономикалық реттеу министрлігі жұмыс жүргізбейді? Біз екі ортада қалдық. Кедендік одаққа өту мәселесі тек сөз жүзінде қалып тұр. Егер кедендік кедергілер жойылатын болса, тезірек Кедендік одаққа мүше болу керек.

Дегенмен әңгіме тек Қытай тауарларын тасымалдауда ғана емес. Басқа да жергілікті кәсіпкерлердің шығыны шаш етектен. Қырғызстанның тігіншілері өздерін сапалы да, арзан өнім өндіретін кәсіпкерлер ретінде дәлелдеп үлгергені баршаға аян. «Қырғызстанда жасалған» деген белгісі бар тоқыма бұйымдарын Ресей мен Қазақстан тұрғындары көп сатып алушы еді. Алайда енді бұл өнімдерді көрші елдер нарығына шығару үшін Кедендік одақтың тәртібіне сәйкес, барлық техникалық  рәсімдерден  өту қажет.

Әсел Қарабаева, «Алқан базары» еңбекерлері кәсіподағының басшысы:

- Қазір тігін өнімдерін өндірушілер үшін өте қиын болып тұр. Егер барлығын 100% деп қарайтын болсақ, оның тек 5%-ы ғана тауарларын сата алады. Біздің кәсіподақта 6-10 мыңға дейін кәсіпкер бар. Олардың әрқайсының ашқан цехы бар.

Ондаған мың кәсіпкер Қырғызстанның Кедендік одаққа тезірек кіргенін күтіп, күн санауда. Ал егер олардың талаптары ескерілмесе, базар саудагерлері наразылық шарасына шығуға да дайын отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер