Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар құрылыс нысаны тоқтап қалуы мүмкін
Құрылыс материалдары бағасының едәуір өсуіне байланысты мемлекет есебінен қаржыландырылатын кейбір жоба бойынша бюджетті түзету талап етіледі. Бұл шара іске асырылмаса, құрылыс аяқталмай немесе уақытылы тапсырылмай қалады.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Сартбаевпен өткен кездесуде Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов айтты. Спикер бизнесті толғандыратын өзекті мәселелерді көтеріп, өңірлік палата директоры құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бюджет есебінен қаржыландырылатын құрылыс жобаларына түзету жүргізу қажеттігін атап өтті. Мұндай құрылыс нысандары қатарында көппәтерлі тұрғын үй кешендері, мектептер, кәріз құбыры желісі, жолдар, жылумен қамту нысандары бар.
«Қазіргі кезде ҚР ИИДМ жобалық-сметалық құжаттаманы түзетудің оңайлатылған тәртібінің алгоритмін бекітті. Осы алгоритм кезеңдерінің бірі – Ішкі мемлекеттік аудит комитеті органдарының қаржы аудитін жүргізуі. Бұл ретте, қаржы аудитін жүргізу кезеңінде тапсырыс берушілер орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарын қабылдамауға және оларға ақы төлеуге тиіс емес, бұл өз кезегінде атқарылған жұмыс үшін уақытылы төлем жүргізуге теріс әсер етеді. Қазір ҚР ИИДМ мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне қаржы аудитін жүргізуге 34 жоба жіберілген. Жобаларды түзетудің бүкіл процедурасы ұзақ уақыт алады. Кейбір нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтап қалған. Бизнес тарапынан міндеттемелерді орындай алмау, сонымен қатар жобаларды өткізу мерзімдерін бұзу қаупі бар. Тұтастай алғанда бюджеттен қажетті қаражатты бөлуге қатысты да сұрақтар көп, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан қажет қаражат сомасы да өсті, мұндай жағдайдың болатыны болжанбаған», – деп атап өтті Алмат Жүнісов.
Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев «Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларына бизнес-идеяларды іске асыруға қаржы жетпейтінін хабарлады. Мәселен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында кәсіпті енді қолға алған азаматтарға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы микронесиелеу қарастырылған. Алайда іс жүзінде бірқатар проблема салдыран «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылар қаржыландыруға қол жеткізе алмай отыр.
«Мысалға, қор ЖШС формасындағы кәсіпкерлерді қаржыландырмайды, бұл жайт заңды тұлғалардың бизнесті бастау немесе дамытудағы мүмкіндіктерін шектейді. Егер кәсіпкердің кепілзаты болмаса немесе жетіспесе қор тарапынан мемлекеттік кепілдік қарастырылмайды. Осы ретте өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда көп жағдайда «Даму» қорының кепілдігі 20-30%-дан аспайды, сонымен қатар қағидаларға сәйкес кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ол несие сомасының 85%-ға дейін, жұмыс істеп тұрғандары үшін 50%-ды құрауы тиіс. Бұдан бөлек несиелер кәсіпті енді қолған азаматтарға емес, айналым қаражаты мен табысы бар бизнес субъектілерге беріледі, осылайша «Бастау Бизнес» жобасына қатысушылар көп жағдайда қаржыландырусыз қалады», – деді Бейсен Жолболдиев.
Оның айтуынша, қаржыландыруға қажеттілікке жүргізілген талдау бизнесті ашу немесе дамыту үшін астаналық кәсіпкерлерге 2 млрд-тан астам теңге керегін көрсетті, бұл ретте Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына биыл бөлінген 1,2 млрд теңге 3-4 айда игерілген.
Бейсен Жолболдиев 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін үш жыл ішінде Кәсіпкерлер палатасы бизнес жүргізу негіздеріне алты мыңнан астам адамды оқытқанын хабарлады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша былтыр 1500 адам оқуға қатысқан, биыл жоспар бойынша 1300 адам оқуы тиіс.
«Іс жүзінде палатаға келіп түскен өтінімдер көп. Сондықтан оқу жоспарын ұлғайтуды сұраймыз. Бұдан бөлек оқуды жыл он екі жүргізу керек, бұл шара осы курстарға сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Кездесуде бұл мәселелерден бөлек кәсіпкерлер денсаулық сақтау, білім беру саласындағы проблемаларды көтерді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Салтанат Дженалаева бүгінде «Үйдегі дәрігер» бағдарламасы аясында жеке медициналық мекемелерді ашу барысы осы жобаны ұзақ мерзімді жоспарға қосу қажеттілігіне байланысты қиындап кеткенін, жоспар ұзақ уақыт мақұлданады немесе жобалар болмашы себептерге байланысты кері қайтарылатынын айтты.
Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Мәдина Әжікенова мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер кепілдік мүліктің болмауы себепті жалдау ақысының жоғары және несиенің қолжетімсіздігіне тап болатынын атап өтті.
«Жалға алуға қомақты қаражатты желге шашқаннан гөрі жеке үй-жайды сатып алып, соған қаражат жұмсау тиімді. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ, банктердің талаптары тым жоғары», – дейді Мәдина Әжікенова.
Өңірлік кеңестің мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласындағы Nur Otan партиясының филиалы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Омаров құрылыс индустриясының проблемалары қатарында құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап өтті.
«Сондай-ақ, инфрақұрылым, инженерлік желілердің маңыздылығына және тиісінше қажетті бюджет қаражатын бөлуге назар аудару қажет», – деді ол.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев бүгін көтерілген мәселелерді шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: