astana-view

Түркістандық кәсіпкерлер төлемдерін ала алмай жүр

2021 жылғы 26 Тамыз
- Түркістан облысы
10070 просмотров

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында жеткізілген тауар немесе көрсетілген қызмет үшін уақытылы төлем жасамаудан зардап шеккен бизнесмендерді  құқығын қорғауға шақырады.

Қиын жағдайға тап болған кәсіпкер Айгүл Есқараева Өңірлік палатадан көмек сұрауға мәжбүр. Оның «Есқараева А.Ж.» компаниясы жергілікті ауруханамен (Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны – авт.) тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан.

Мәселе Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқыланды.  

Палатадағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Кәрімбаевтың айтуынша, 2021 жылдың қаңтарында жалпы сомасы 10,2 млн теңгеге азық-түлік жеткізу туралы шарт жасалған.

Құжатқа сәйкес, барлық шарттық міндеттемені компания толық және уақытылы орындаған. Тапсырыс беруші алғашында төлем жасап бастаған, содан соң белгісіз себептермен орындалған жұмыс актілеріне қол қоюды кешіктіріп, кәсіпкердің өтініші мен шағымына жауап бермеген.

Кеңес отырысында сөз алған аурухана өкілі Әлібек Әмірсейітов порталда тиісті материалдардың жоқтығынан төлемнің кешіктірілгенін айтып,  жеткізуші алдындағы берешек тамыздың соңына дейін толығымен өтелетініне уәде берді.

Палатаның мәліметінше, бұл медициналық мекеменің заңсыз әрекетіне түркістандық «Алтын сақа 2014» және «Gold-ART» компанияларынан да шағым түскен.

Кәсіпкерлер палатасының мамандары Отырар аудандық орталық ауруханасына қатысты шағымдар жүйелі екенін ескеріп, мұқият назар аударуды және бақылаушы органдар тарапынан тиісті тексеруді талап етеді деп есептейді.

«Кәсіпкерлер өз құқығын қорғауда талап қою тәртібімен өзгенің қаражатын заңсыз пайдаланған тапсырыс берушілерге қатысты сотқа жүгіуіне болады. Олар шығындарын өтеп ала алады. Дегенмен, олар шыдамдылықпен тапсырыс берушіге сеніп, үмітін үзбей күтуде. Ал тапсырыс бергендердің басым бөлігі – мемлекеттік мекемелер», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Орынбасар Қабыштаев.

Қорытындылай келе, кеңес мүшелері ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне хат жолдау туралы шешім шығарды. Кеңес мүшелерінің айтуынша, мұнда мемлекеттік орган тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар.  

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер