Шығыстың кәсіпкерлері сүт өнімдерін таңбалауға түбегейлі қарсы
Шығыс Қазақстандағы сүт өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері, азық-түлік дүкен иелері және ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері сүт өнімдерін таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны талқылау үшін өңірлік палата алаңында жиналды. Кәсіпкерлер жоба енгізілуіне қарсы. Олардың айтуынша, сүт өнімдерін таңбалау өнім құнын 1,5 есе қымбаттатады.
Тауарларды таңбалау бойынша жабдық енгізу бағдарламасы ЕАЭО бастамасымен қолға алынған және Ресей мен Беларусьте іске қосылған. Қазіргі кезде пилоттық жоба Қазақстанда сыналып жатыр. Таңбалауды енгізу мақсаты – тауар туралы түпкі деректерді: тауар қашан, қайда, неден әзірленгенін қадағалау. Ел ауқымында сүт өнімдерін таңбалау үшін пилоттық жобаға 7 кәсіпорын таңдалды. Олардың қатарында шығыстағы «Эмиль» ЖШС бар.
Жоба операторы «Қазақтелеком» АҚ 19 тамызда ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдерін «Эмиль» ЖШС өндірісіне шақырды. Онда сүт және айран құю желілерінде таңбалауды жүзеге асыратын жабдық сынақтан өткізілді.
«Өндіріспен танысқан соң, егер жабдықтың қазіргі формасы өзгермесе, өндіріс айтарлықтай тежелетінін түсіндік. Біз сүт қалай құйылады және QR-кодтар қалай таңбаланатынын көрдік. Байқасақ, QR-кодтардың қаптамадағы орналасуы тәртіпсіз, түрлі жерге соғылған, кейде бір қаптамада екі кодтан басылған. Қаптаманы кесу процесінде код өрнегі кесіліп кетеді екен. Бұдан бөлек процеске қатысты бірнеше ескерту жасалды, тұтастай алғанда нәтиже төмен, яғни жүйе ретке келтірілмеген», – деді ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Тестілеу қорытындысы бойынша «Эмиль» ЖШС шығындардың толық калькуляциясын жүргізетіні жайында шешім шығарылды.
27 тамызда ШҚО Кәсіпкерлер палатасында «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле сүт өнімдерін өндірушілер мен «Восток-Молоко» ЖШС өкілдеріне жүргізілген есептерді таныстырды. Нәтижесінде өндірістен шыққан өнім бірден 29%-ға қымбаттайтыны анықталды. Бұл шығындарға жабдық сатып алу, бағдарлама енгізу, таңбалау процесінің өзі, қосымша штаттық бірлік еңбекақысын төлеу және оператор – «Қазақтелеком» АҚ-қа өнімнің әр таңбаланған данасына 3,5 теңге төлеу кіреді.
«Осы деректермен біз ШҚО кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның сүт одағы, Кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне барып, мұның бәрі не үшін, оларға таңбалау не үшін қажет екенін сұрауға барамыз. Егер мемлекет таңбалауды енгізетін болса, онда біз шот-фактуралардың электронды жүйесін, виртуалды қойма және тауарға жөнелтпе қағазды таңбалау жүйесімен үйлестірілгенін ұсынуымыз керек. Бұл қолға алынбаса, онда жобаны енгізуге қаражат бөлсін. Менің міндетім жоба енгізілген соң өнімнің құны қалай өсетінін көрсету болды», – деді Анна Абарле.
Кәсіпкер таңбалау шығындарға бухгалтер және таңбаланған өнімді қабылдауға жауапты қосымша штаттық бірлікке еңбекақы төлеу, кассалық аппараттарды құны шамамен 1 млн теңге болатын процесті автоматтандыру жүйесіне ауыстыру қосылатынын айтты. Тағы бағаға 40-50% қосымша үстеме қосылады. Мысалға бүгін 420 теңге тұратын 1 литр сүттің бағасы 600 теңгеге көтеріледі.
«Біз 2021 жылдың қаңтарынан бастап 8 ай бойы бөлшек саудада темекі таңбалауын алып тастауға тырысып жатырмыз. Енді сүт өнімдерін таңбалау басталды. Біз бөлшек сауда бойынша барлық шығынды есептеп, таңбалау мүлде тиімсіз екенін түсініп отырмыз. Таңбалауды көтерме сауда немесе өндірушілер деңгейінде іске асуын қалаймыз. Өйтпеген жағдайда үлкен шығынға батамыз. Олар (операторлар мен жоба авторлары – авт.) өндірушілерге енді қысым көрсетеді, өздерінің жаңа жабдығын әкеліп, дегендеріне жетпегенше осының бәрін енгізуге күш салады», – деп бөлшек сауда өкілдерінің пікірін білдірді Владимир Бердник.
2023 жылы бизнеске жүргізілген салық демалысы аяқталып, сатылып жатқан тауарлар бағасының үстемесі 30 пайызға артқанда жағдай ушыға түседі. Қазіргі кезде дүкендерде сүт өнімдері өзіндік құнынан 20 пайыз үстемемен сатылып жатыр, бірақ бір жылдан соң баға көтеріледі.
Кәсіпкерлер болжанып отырған ситуацияны болдыртпау үшін жұмыс тобын құру және процестің барлық кезеңіне қатысу қажет деп санайды. Атап айтқанда «Эмиль» ЖШС-ға жаңартылған жабдық келіп, сынақтарды бастайды. Бұдан бөлек, бизнес пен түпкілікті тұтынушыға түсетін ауыртпалықты көрсету үшін жүргізілген есептеулерді Сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ҰКП орталық аппараты, «Қазақтелеком» АҚ-қа жіберу қажет. Бұл жұмысты ШҚО Кәсіпкерлер палатасының өкілдері атқарады.
«Бізге тиімді емес шаруаны жүктемеуді талап етеміз. Осы мәселеде «Эмиль» ЖШМ аяғына дейін барады деп сенеміз», – деп қорытындылады Владимир Бердник.
Ол жоба бастамашыларының алдында нақты құжатталған фактілермен жұмыс істеу үшін әр қадамды және кез келген қосымша есептеулерді хаттама түрінде бекітуді ұсынды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: