Еуразиялық экономикалық одақ нарықтың көкжиегін кеңейтеді
Шағын және орта кәсіптің кірісі көбейіп, өндірісі ұлғаяды, деп хабарлайды 24kz.
Осыдан елдегі экономика жақсартатыны даусыз. Алайда 170 млн. тұтынушысы бар алып нарықтың үдесінен шығу үшін отандық кәсіпорындар, ең әуелі, өнім сапасын арттыруы тиіс. Осыны жете түсінген кәсіпкерлер қазір өндіріске әлемнің озық технологияларын дендеп енгізіп жатыр. Соның нәтижесінде өнімге деген сұраныс та артқан. Айталық, өткен жылы Қарағанды облысындағы кәсіпорындардың Кедендік одақ елдерімен сауда айналымы 2 млрд. АҚШ долларына жуықтаған. Кәсіпкерлердің Еуразиялық одақтан да күтері мол.
ТМД-да теңдесі жоқ қарағандылық «ҚазМетиз» кәсіпорны тау-кен, құрылыс, теміржол салаларына қажетті өнім түрлерін шығарады. Бұған дейін зауыт болат арқанның тек 2 түрін өндіріп келсе, биыл жаңа желіні іске қосып, өнім түрін онға жеткізуді көздеп отыр. Себебі сұраныс бар. Оның үстіне, өнімді үлкен нарыққа кедергісіз шығаруға мүмкіндік берілуде. Еуразиялық экономикалық одақтан да үлкен үміт күтіп отырғандарын жасырмады кәсіпорын директоры.
Дмитрий Малахов, кәсіпорын директоры:
- 2013 жылы 11 мың тоннадан астам өнім өндіріп, оның 17%-ын шет мемлекетке шығардық. Ал биыл өндіріс қуатын ұлғайтып, экспорттың үлесін 20%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Үштік одақ елдерінен бөлек өнімді Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттеріне де тасымалдаймыз.
Қазір Қарағанды облысындағы 600-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін Ресей мен Беларусь елдеріне өткізіп отыр. Өткен жылы кенді аймақтың Кедендік одақ елдерімен сауда айналымы 2 млрд. АҚШ долларына жеткен. Оның 45%-ы импорттан келетін тауар болса, 55%-ы экспорттың үлесінде.
Қалкен Наханов, Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
- Еуразиялық экономикалық одақ кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнеске кең көлемде пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Өйткені 170 млн. халық бар, кәсіпкерлер үшін нарық көлемі кеңейеді. Сауда және экономикалық қатынастар жанданады.
Интеграцияның игілігін көретін күн де алыс емес. Алыс-беріс, барыс-келіс ұлғаятындығын айтады мамандар. Қазірдің өзінде көршілес елдермен сауда, экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени қатынастар бойынша 39 келісімге қол қойылған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: