astana-view

Мұғалімдер «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәні бойынша біліктілігін арттырды

2021 жылғы 06 Қыркүйек
- Астана қаласы
4896 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы мектеп оқушылары мен студенттерді «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәніне оқытатын мұғалімдер мен оқытушылар үшін қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырды.

 «Биыл оқуға 30 мұғалім және 21 колледж оқытушысы қатысты. Олар 2021-2022 жылы сабақ береді. Оқу онлайн форматта өтті, әр тыңдаушыға тиісті сертификат берілді. Екі оқу жылы ішінде «кәсіпкерлік негіздерін» екі мың мектеп оқушысы, үш мың колледж студенті, сондай-ақ бес мың ЖОО студенті оқыды», – деді Нұр-Сұлтан кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

 Екі күндік курс бағдарламасына ситуациялық талдау әдісі (бизнес-кейстер әдісі) негізінде оқыту техникасы, белсенді оқыту әдістерінің ерекшеліктері – геймификация, «бизнес-ойлау психологиясы», «бизнес-идеяны таңдау», «бизнес-модель, жоспарлау», «маркетинг және маркетинг зерттеулер», «сату стратегиясы» бағыттары қамтылған.

 Еске салайық, «Кәсіпкерлік қызмет негіздері» пәні оқушылардың бизнес, маркетинг, экономика және менеджмент саласындағы білімдерін кеңейту, сондай-ақ жастарды кәсіпкерлік салаға баулу мақсатында мектеп, колледж, және жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына 2019 жылы енгізілді.

 «Біз Кәсіпкерлер палатасына және тренерімізге осындай курс үшін алғыс білдіреміз. Өте нәтижелі, пайдалы оқу болды. Алған білімді практикада міндетті түрде қолданамыз. Қызметім дебат саласына байланысты, курс барысында меңгерген әдістеме жұмыста кәдеге асады деген ойдамын», – деп атап өтті №20 орта мектептін мұғалімі Жанат Сапарова.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Айнұр Рахметова «Атамекен» ҰКП жобаны Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатқанын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер