astana-view

Бастау Бизнес: Жоба түлектері «Атамекен-Атырау бизнес қолдау» ұйымы арқылы несие ала алады

2021 жылғы 06 Қыркүйек
- Атырау облысы
9843 просмотров

Қазіргі кезде өңірде жеңілдікпен несие алуға «Бастау Бизнес» жобасының 50 түлегі жалпы сомасы 415,1 млн теңгеге өтінім берген.

«Атамекен-Атырау бизнес қолдау» микроқаржы ұйымы «Бастау Бизнес» бойынша оқыған және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша тиісті сертификат алған азаматтардың жобаларын қаржыландыру мақсатында құрылды. Басты артықшылық – несиені жылдық алты пайызбен жеті жыл мерзімге алуға болады. Кепілзат шарттары жеңіл, артық комиссия алымы жоқ.

 «Өңірде 2017-2020 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» жобасымен 5675 адам оқып шықты, соның ішінде 1 427 адам қайтарымсыз грант, 623 адам  жеңілдікпен несие алды. Биыл мың адамды оқыту жоспарланған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 902 адам оқуды аяқтау туралы сертификатын алды, соның ішінде 300 түлек жалпы сомасы 256,5 млн теңгеге қаржыландыру алды. Оқудың бесінші легі аясында 143 адам оқып шықты. «Бастау Бизнес» түлектері үшін қаржы алу өте маңызды. Сондықтан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлерде микроқаржы ұйымдарын құру бастамасын көтерді. МҚҰ мамандары биыл тамыздан бастап өтінімдерді қабылдай бастады. Бүгінгі таңда несиелеуге жалпы сомасы 415,4 млн теңгеге 50 жоба қаралып жатыр, құрылыс саласында 8,5 млн теңгеге бір бизнес-жоба мақұлданды», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

Айта кетейік,  «Бастау» түлектерінің жобаларын қаржыландыруға республика бойынша 22,5 млрд теңге, соның ішінде Атырау облысына 1 млрд теңге бөлінді. Несиелер бизнес-жоспарларын сәтті қорғаған «Бастау» жобасының түлектеріне беріледі. Салалық шектеу жоқ. МҚҰ жеке үй салуға жер телімін алу, қолданыстағы несиені жабу, сондай-ақ, тұтынушылық мақсатқа несие бермейді. Несиелеу мерзімі – бес жыл, мал шаруашылығы саласына – жеті жыл.

Несие алуға өтінім беру үшін белгіленген формада өтініш және клиент анкетасын толтыру керек. Бұдан басқа жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, патент (салыстырып тексеру үшін көшірмелер мен түпнұсқалар), өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктер және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілді қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі.

«Aтамекен-Атырау бизнес қолдау» ЖШС МҚҰ мекенжайы: Атырау қаласы Сәтпаев көшесі, 78 үй, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесесі, 2-қабат. Анықтама ақпарат:  8/7122/763-655, 8 702 142 90 90 Әсем, 8 778 296 41 80 Шынар.   

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер