Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында бірыңғай есеп күні өтті
Аумақтық бақылау-қадағалау органдары тексерулер барысында жиі анықталған бұзушылықтар туралы бизнес өкілдеріне есеп берді, заңнамадағы міндетті талаптар, жаңалықтар мен өзгерістер туралы ақпарат берілді.
Есеп беру кездесуіне облыстық прокуратура, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменттері, мемлекеттік кірістер, санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау, ТЖ, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының өкілдері қатысты.
«Біз салалардағы ағымдағы ситуацияны саралап, бақылау-қадағалау органдарының құрғақ есебін тыңдап емес, жанды, сындарлы диалог, пікір алмасу жүргізу мақсатында жиналдық. Бізге кері байланыс қажет, кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар тәжірибелік ұсыныстар береді, барлық қажетті ақпарат ашық дереккөздерде орналастырылады», – деп атап тті облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов.
Ақмола облысы прокуратурасы басқармасының бастығы Санат Шәріпов хабарлағандай, қадағалау органдарындағы негізгі жаңалықтарға прокурорларға кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша өтініштерін қарау құзыретін беру жатады. Бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін. Енді прокурорлар бизнес субъектілерінің шағымдарына жедел әрекет етіп, олар бойынша тексерулер жүргізе алады, қажетті ақпаратты белгіленген мерзімде сұрата алады.
«Бизнесті қорғау саласында биыл прокурорлық қадағалау және ден қою шараларымен 6 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды, 30-дан астам қадағалау актісі енгізілді, мемлекеттік органдардың 12 заңсыз актісі жойылды, 25 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, кәсіпкерлер 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұлдардан босатылды», – деп атап өтті Санат Шәріпов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: