astana-view

Алматы облысында экспортты дамыту бойынша ұсыныстар айтылды

2021 жылғы 13 Қазан
- Жетісу облысы
4763 просмотров

Алматы облысында жартылай фабрикаттар, нан өнімдері мен балалар тағамы өндірісінің экспорттық әлеуеті жоғары. Бұл туралы USAID сарапшысы Сәуле Ахметова Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұйымдастырған Өңірлік экспорттық кеңестің отырысында мәлімдеді.

"QazTrade" бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, 2021 жылы экспортты ілгерілету жөніндегі даму институты "QazTrade" АҚ және USAID облыстың өңірлік экспорттық стратегиясын әзірлеу бойынша пилоттық жобаны іске асырды. Құжатқа  саланы дамыту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар енгізілген. Ұлттық компанияның өңірлік шолуына сәйкес, 2020 жылы Алматы облысының экспорты 446,1 млн АҚШ долларын немесе өңірдің жалпы өнімінің 5,3%-ын құрады. 80%-дан астамы өңдеу секторының өнімдеріне тиесілі. Елдің шикізаттық емес экспортының жалпы төмендеуіне қарамастан, өңірде экспорт көлемі өсуде.

USAID жобасының сарапшысы Сәуле Ахметова даму стратегиясымен және ұсынымдарымен толығырақ таныстырды. Экспортты одан әрі ілгерілету бойынша ұсынымдар әзірлеу кезінде Алматы облысының қолда бар экспорттық әлеуетіне егжей-тегжейлі талдау жасалды, проблемалық мәселелерді анықтау және жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар жасау үшін кәсіпорындармен кездесулер өткізілді. Оның айтуынша, экспортты дамытуды өңірлік институттар мен мамандардың құзыретін арттырудан бастау керек. Сарапшы әкімдік жанынан экспорт жөніндегі арнайы бөлімше құруды, сондай-ақ экспорт жөніндегі өңірлік кеңестің рөлін күшейтуді, қызмет провайдерлерімен өзара іс-қимылды жолға қоюды қажет деп санайды. Сонымен қатар, USAID өкілі қолданыстағы экспорт бойынша жағдайды талдап, жоғары экспорттық әлеуеті бар жаңа салаларды атады.

"Тамақ дайындауға арналған өнімдер, оның ішінде нан өнімдері, сондай-ақ балалар тағамы үлкен әлеуетке ие, бұл жақсы экспортталатын өнімді әртараптандыру мүмкіндігін білдіреді. Азық-түлік тауарларын экспорттаудың ең үлкен әлеуеті бар нарықтарға Ресей, Қытай және Қырғызстан кіреді. Қытай 16 млн АҚШ доллары көлемінде әлеуетті ұсына отырып, нақты және әлеуетті экспорт арасындағы ең үлкен айырмашылықты көрсетіп отыр", – деп хабарлады сарапшы.

Талдауда макарон, бисквит, балық өнімдері, сусындар, уыт, сүт өнімдері, құс еті, жұмыртқа, бал және басқа да жануарлардан алынатын өнімдер, аккумуляторлар, фармацевтикалық өнімдер экспорты бойынша ұсыныстар берілді.

Кездесу модераторы – Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Лаззат Шыңғысбаева аймақтың маңызды экспорттық әлеуеті бар екенін және жергілікті атқарушы органдар мен даму институттары экспорттаушылармен жүйелі қолдау мен белсенді өзара іс-қимыл жүргізуі қажеттігін айтты.

"Отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін іске асыру – өңірдің индустриялық-инновациялық дамуының басым бағыттарының бірі. Өңірлік экспорттық кеңестің алаңында айтылған мәселелер, ұсыныстар мен ұсынымдар назарға алынып,  жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлік қоғамдастық арасында түсіндірілуі тиіс", – деп мәлімдеді Лаззат Шыңғысбаева.

Отырыс барысында QazTrade Academy білім беру жобасы таныстырылды. Өнім өндірушілердің құзыреттілігін арттырады және экспорт саласындағы өзекті тақырыптар бойынша оқыту мен курстар ұсынады. Алғашқы "Ақылды экспорт" бизнес-практикумы 2021 жылдың 18 қазанынан 27 қазанына дейін жоспарланған. Қарқынды практикалық семинарлардың 8 күнін жетекші халықаралық және жергілікті сарапшылар өткізеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер