astana-view

28 қазан күні Түркістанда Born Nomad қолөнершілер форумы мен фестивалі өтеді

2021 жылғы 25 Қазан
2943 просмотров

Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы және "Атамекен" ҰКП 2021 жылғы 28 қазанда Түркістан қаласының Керуен Сарай кешенінде өтетін ауқымды Born Nomad форум және фестивалінде Born Nomad - Power Awards 2021 ұлттық қолөнершілер байқауының жеңімпаздарын жариялайды.

Биыл маусым айында АҚШ Дипломатиялық миссиясы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жариялаған бұл байқауға еліміздің 2000-нан астам қолөнершісі қатысқан. Байқау дәстүрлі қолөнерді насихаттап, мәдени мұраны сақтау арқылы әйелдердің экономикалық дамуы мен кәсіпкер әйелдерді қолдауға арналған "Қолөнерші мүмкіндіктерін кеңейту" атты ауқымды жобаның аясында өтті.

Born Nomad форумына АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж, "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, сондай-ақ жобаға қолдау көрсеткен ExxonMobil және Chevron Kazakhstan компанияларының өкілдері қатысады.

Форумда қолөнершілер мен креативті экономиканы қолдаудың қазіргі заманғы мәселелері, оның ішінде мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, цифрлық дәуір тосқауылдары, сондай-ақ әйелдер мен қыздарды қолдау үшін қажетті әрекеттер сияқты тақырыптар талқыға түседі. Форум сессияларының бірі қазақ қөлөнері және оның жаһандық креативті индустрияда алатын орнына арналады.

Born Nomad жобасы 2000-нан астам қолөнершінің назарына ілігіп, оның 400-і жоба арқасында оқу курсына қатысып, бизнес жүргізу дағдыларын тереңдетті. АҚШ-тың Бас консулы Кэролайн Сэвидж осы оқу курсы, ұлттық қолөнершілер байқауы және Форум қазақстандық қолөнершілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларды бүкіл әлемде танымал етуге ықпалын тигізетініне сенім білдірді.

"Born Nomad жобасы кәсіпкер әйелдерге бірегей мүмкіндік береді, ал олар өз кезегінде Қазақстанның бірегей сұлулыққа ие мәдени мұрасын әлемге танытады. Әйел мүмкіндіктерін кеңейту - Америка Құрама Штаттарының сыртқы саяси басымдылықтарының бірі. Әрі мен үшін де бұл - үлкен басымдық", - деп бөлісті Бас консул Сэвидж.

Форум аясында Born Nomad ұлттық байқауының жеңімпаздарын алты номинация бойынша марапаттау рәсімі өтеді: дәстүр, жаңашылдық, қолөнерші әйел, жас талант, 3D-дегі қолөнер, сондай-ақ шығармашылық ынтымақтастық.

"Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов атап өткендей, Гран-при иегері 1 миллион теңге жүлде алады. "Born Nomad - Power Awards 2021" жалпыұлттық байқауына 350 өтінім келіп түсті, ол қазақ мұрасын жаңғыртып, танымал етуге, Қазақстанның дәстүрлі қолөнері мен халық өнерінің заманауи келбетін дамытуға бағытталған. 70 өтінім финалистер қатарына іріктеліп алынды. Түркістандағы ауқымды форум мен фестивальда 6 номинациядағы жеңімпаздар мен Гран-при иегеріның аты жарияланады", - деп хабарлады Мырзахметов.

Фестивальде сондай-ақ Born Nomad - Power Awards 2021 жеңімпаздары мен басқа да қолөнершілер бұйымдарының жәрмеңкесі өтеді.

Chevron және ExxonMobil компаниялары жобаға демеушілік көрсетті. ExxonMobil Kazakhstan Inc. Басқарушы директоры Динеш Сивасамбу компанияның қолдауы жайлы былай деді:

“ExxonMobil жергілікті қолөнершілерді қолдап, әсіресе әйел қолөнершілерге кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бергенін, сол арқылы дәстүрлі қазақ қолөнерін дамытуға және мәдени мұраны сақтауға өз үлесін қосқанын мақтан тұтады. Мұндай жаңа мүмкіндіктер тек жекелеген кәсіпкер әйелдердің өмірін жақсартып қана қоймай, олардың жанұясы мен қоғамның өмір сапасын арттырады".

"Қолөнерді жаңғырту бағдарламасы - Chevron Қазақстанда жүзеге асыратын әлеуметтік бағдарламалардың маңызды бір бөлігі. Ол көп қырлы, себебі  бір жағынан қолөнершілердің экономикалық және бизнес білімін нығайтса, екінші жағынан оларды қоғамдық жұмысқа тартады. Ол әрі эстетикалық деңгейді көтеріп, халықтың дәстүрлі қолданбалы өнер түрлерін сақтауға көмектеседі. АҚШ Дипломатиялық миссиясымен осы жоба аясындағы ынтымақтастығымыз біздің Қазақстан тұрғындарының потенциалын толықтай іске асыруға деген адалдығымыздың тағы бір дәлелі”, - деді "Шеврон" компаниясының Корпоративтік байланыстар жөніндегі департаментінің басшысы Еркін Зікібаев.

  • Форумға тіркеліп, оның толық бағдарламасымен bornnomad.com сайтында таныса аласыз.
  • Facebook: Born Nomad | Instagram: @bornnomad.kz
  • Өтетін уақыты мен орны: 28 қазан, 16:00, Керуен Сарай кешені, Түркістан қаласы.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер