astana-view

Қызылордада шаруалар 20,6 млн теңгесін сақтап қалды

2021 жылғы 03 Қараша
- Қызылорда облысы
6563 просмотров

Қызылорда облысының шаруалары бір құжаттың салдарынан 20,6 млн теңгені мемлекетке қайтаруға мәжбүр болған еді. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жауапты органнан дер кезінде түсіндірме хатын алып, мәселені шешіп берді.

 

Осы жылдың қазанында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына бір топ шаруа қожалық иелерінен ұжымдық өтініш түсті. Өтініште шаруалар жергілікті атқарушы орган мемлекеттен алған субсидияны қайтаруды талап етіп жатқанын жеткізіпті.

 

«Шаруа қожалықтары 2019 жылы күрішті өндіру шығындарын ішінара өтеуге бөлінген субсидияны алған болатынбыз. Алайда 6 қазанда ауыл шаруашылығы басқармасынан 14 күннің ішінде субсидияға берілген қаржыны қайтару туралы хат алдық. Аталған мәселені шешуге көмек көрсетулеріңізді сұраймыз», – деп жазылған шаруалардан түскен хатта.

Жеті шаруа қожалықтан қайтаруды қажет ететін сома 20,6 млн теңгені құрайды.

 

Жергілікті атқарушы орган кәсіпкерлер субсидияны алуға арналған өтінімді беру барысында өңдеуші кәсіпорынмен жасаған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттарды тіркемеген деп отыр, яғни субсидия  заңсыз төленген деп тұжырымдаған.

 

Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары аталған салаға субсидияны төлеуге арналған нормативтік-құқықтық құжаттарды толықтай зерттеп, шаруалардың құжатынан қателік таппады.

 

«Кәсіпкерлер өтінім беру барысында келісімшарттардың сканерленген нұсқасын тіркемегенімен құжаттың нөмірін, қол қойылған күнін көрсеткен. Бұл жағдайда нақты бағасын уәкілетті орган ғана бере алады. Сол үшін біз өтінімге қоса шарттың сканерленген көшірмесін тіркеу міндеттілігіне қатысты түсіндірме беруді сұрап Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жаздық», – деп пікір білдірді Қызылорда облысындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын бизнес-омбудсменнің өкілі Салават Құлмахан.

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Кәсіпкерлер палатасына көп күттірмей жауабын жолдады. Онда: «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы № 107 бұйрығымен бекітілген «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында» өтінімге қосымша ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің өңдеуші кәсіпорынмен жасалған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттардың сканерленген көшірмесін тіркеу талабы көрсетілмеген», – деп жазылған.

 

Бұл түсіндірме хат кәсіпкерлер тарапынан кемшілік жіберілмегенін дәлелдеді. Нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер мемлекеттен бөлінген субсидияны қайтармай, 20,6 млн теңгесін сақтап қалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер