astana-view

Ashyq: кәсіпкерлерлер тіркелім санын тексере алады

2021 жылғы 04 Қараша
- Алматы қаласы
8901 просмотров

Қосымша функциялар туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева хабарлады.

Мобильдік қосымша жаңартылып, онда қосымша функциялар пайда болды: енді кәсіпкер жеке кабинетте чекин санын көре алады.

«Ол үшін infokazakhstan.kz сайтына ЭЦҚ кілтімен кіру қажет. Содан кейін «Менің өтініштерім» бөлімінде Ashyq QR-ды таңдап, «Толығырақ» түймесін басыңыз. Осылайша, жеке кабинетте диаграмма түрінде өткізілген чекиндердің саны күндер бойынша көрсетіледі», – дейді Салтанат Лесбаева.

Сонымен қатар, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ashyq жобасының оң жұмысы туралы айтып берді. Салтанат Лесбаева атап өткендей, 6 ай ішінде 80 мыңға жуық «қызыл» және «сары» статусы бар қазақстандықтар карантиндік шектеулерді бұзуға тырысқан.

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында «қызыл» және «сары» статусы бар қала тұрғындары қай қоғамдық орындарға жиі баруға тырысатынын айтты. Спикер атап өткендей, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін «қызыл» статусы бар 2800-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Көбінесе карантинді бұзушылар қоғамдық тамақтану объектілеріне, сауда орталықтарына, базарлар мен кинотеатрларға баруға тырысады. Алматы әуежайында «қызыл» стаусы бар 429 және «сары» статусы бар 49 тұрғын анықталған болса, темір жол және автовокзалдарға «қызыл» статуспен 127 адам тәртіп бұзуға тырысқан.

«Карантиндік шектеу критерийлерін бұзғаны үшін 747 заңды тұлғаға 260,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, Маска режимін бұзғаны үшін 5870 тұрғынға 258,3 млн теңге айыппұл салынды», – деді Сәдуақас Байғабылов.

Егер 4 маусымдағы жағдай бойынша Алматы қаласы бойынша барлығы 1700 қатысушы болса, бүгінгі таңда олардың саны 23214 адамды құрайды, яғни 5 айда қатысушылардың саны 13 есеге артты:

Қатысушылар арасындағы ТОП-5 қызмет саласы:

  • қоғамдық тамақтану нысандары – 3065
  • сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсету салондары – 1645
  • базарлар (жабық және ашық), сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері (азық-түліктік емес) – 1594
  • жоғары оқу орындары, колледждер мен білім беру орталықтарын қоса алғанда, білім беру нысандары – 1338
  • мектепке дейінгі балалар ұйымдары – 935

Салтанат Лесбаеваның айтуынша, жобаға 12584 нысан өз еркімен жеңілдіктерді қолданбай қатысуда. Жоба лидерлерінің саны – 479 нысанды құрайды. Ал жоба іске қосылғаннан бері аутсайдерлер саны – 3044 қатысушы.

Соңында спикер Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында жаңа пилоттық жоба талқыланғанын және оған сәйкес Ashyq қосымшасы арқылы сауда орталықтарына тек «жасыл» статусы бар келушілерді кіргізу жоспарлап отырғанын айтты. Пилоттық жоба әзірге Нұр-Сұлтан қаласы бойынша іске қосылады деп жоспарлануда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер