astana-view

«Атамекен» ҰКП делегациясы түркі бизнес-форумының жұмысына қатысып жатыр

2021 жылғы 11 Қараша
- Қостанай облысы
8031 просмотров

Қазақстан тарапынан – 40 кәсіпкер қатысады. Қостанай облысынан оның құрамына Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің мүшелері Наталья Лапшина және Елена Венгерская кірді.

 Бизнес-форум Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгрия арасындағы сауда және инвестициялық қатынастарды дамытуды қолдау үшін ұйымдастырылған Түркия сауда-өнеркәсіп палатасының ІІІ Бас Ассамблеясы аясында өтуде.

 «Форум шеңберінде өткен кездесулерде экономикалық қатынастарды жақсарту және елдер арасындағы сауда механизмдерін жеңілдету мәселелері талқыланды», – деді іс-шараға қатысушы, Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің өкілі Наталья Лапшина.

 Іс-шараның негізгі мақсаты – Түркі кеңесі мүшелері мен бақылаушы мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын жақсарту.

 «Біз арамыздағы экономикалық интеграцияны күшейту үшін әлеуетті біріктіруіміз керек. Осы бағытта   жеңілдікті сауда туралы келісімдер арқылы арамыздағы сауда-саттықты неғұрлым либералды ету қажет», – деді Түркия палаталары мен тауар биржалары одағының президенті және Түркия сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Рифат Хисарджиклыоғлы.

 Спикер Түркия мен Әзірбайжан арасындағы жеңілдікті сауда туралы келісімді мысалға келтірді, бұл құжат 2021 жылғы 1 наурызда күшіне енді.

 «Екі елдің өзара инвестициялары 30 млрд доллардан асады. Сауда көлемі 15 млрд долларға тез жақындап келеді. Саудадан басқа біз қызмет көрсету саласында да ынтымақтасуға ниеттіміз», – деп жалғастырды Рифат Хисарджиклыоғлы.

Форум шеңберінде қаралған маңызды мәселе – кедендік процестерді стандарттау және кедендік рәсімдерде жалпы стандарттарды белгілеу. Бұл процестер қарапайым және жылдам болуы тиіс.

Форумда әйелдер мен жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту және дәріптеу қажеттілігі талқыланды. Түрік сауда-өнеркәсіп палатасы әйелдер мен жас кәсіпкерлер кеңесін құру туралы шешім қабылдады.

 «Әйелдер мен жас кәсіпкерлердің құрылған комитеттері бүгінде ірі ұйымдарға айналды. Жобалар, тренингтер мен зерттеулер арқылы кәсіпкер әйелдер мен жас кәсіпкерлердің саны тез өсті. 2007 жылы біздің барлық кәсіпкерлеріміздің тек 5 пайызы ғана әйелдер болды. Енді бұл қатынас екі есе артып, 10 пайызды құрайды», – деді Рифат Хисаржиклыоғлы.

Форум жұмысына 700-ге жуық түрік және 150 қазақстандық бизнес орта өкілдері қатысуда.

Форум жұмысы жалғасып жатыр. Бүгін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы кәсіпкер әйелдер комитетінің бірінші отырысы өтеді. Жұмысқа өз салаларындағы жетекші кәсіпкерлер, кәсіби менеджерлер қатысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер