astana-view

Нұр-Сұлтанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

2022 жылғы 15 Наурыз
- Астана қаласы
7957 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасына қарасты Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының басқарма мүшесі Сәния Ырсалиева жаңа орталықтың лентасын қиды.

 «Бұл кәсіпкер әйелдер үшін маңызды оқиға. Өз тарапымыздан ынтымақтасуға, әйелдер кәсіпкерлігіне оқыту мен дамыту үшін менторларды ұсынуға дайынбыз. Осы бастаманы жүзеге асыруға атсалысқандардың барлығына алғыс айтамыз», – деді спикер.

 Ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы Болат Омаров және «Бастау Бизнес» жобасының түлектері қатысты. Ашылу салатанаты шеңберінде бастаулықтар өз өнімдерінің шағын көрмесін ұйымдастырды.

 Қазақстанның 14 өңірінде Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында 14 әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың алғашқы үш орталығы Түркістан, Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылды. Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.

 Мұндай орталықтарды құру Қазақстан Республикасының отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына негізделген.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы –  әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналуға тиіс, онда олар стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызметтер ала алады, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен нетворкинг-іс-шараларға қатыса алады.

 «Кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейтіні баршаңызға белгілі. Онда бизнесті жүргізуге қажетті сервистік қолдауды алуға болады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша орталық мамандары 9500-ден астам адамға, оның ішінде 5847 әйелге қызмет көрсетті. Бұл шамамен жалпы көлемінің 60%-ын құрайды. Осы жылдың 2 айында 1270 кәсіпкер кеңес алды, олардың 50%-дан астамы әйелдер, яғни шамамен 800 адам. Осылайша біз әйелдердің кәсіпкерлікте белсенді екенін көріп отырмыз. Әйелдерді қолдау орталығы осы жыл ішінде қызмет көрсетуден басқа, қыз-келіншектерге қажетті қолдау шараларын одан әрі пысықтау үшін әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы қажеттілікті талдау, сондай-ақ әйелдер бизнесін дамытуға кедергі келтіретін проблемаларды анықтаумен айналысатынын хабарлауға қуаныштымыз», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының м.а. Бейсен Жолболдиев.

 Өңірлік палата басшысы қазіргі кезде астанада жұмыс істеп тұрған 163 мың кәсіпкерлік қызмет субъектінің 47%-ын немесе 77 мыңнан астамын әйелдер басқаратынын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер