astana-view

Атырауда кәсіпкерлерге салық саласындағы өзгерістер туралы ақпарат берілді

2022 жылғы 31 Наурыз
- Атырау облысы
15291 просмотров

Жаңашылдықтарға сәйкес, енді «E-Salyk Business» мобильдік қосымшасымен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салық есептілігін өткізуден босатылады.

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Өңірлік кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен өткен кездесуде мобильді қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режимінің жаңа түрін қолданудың артықшылықтары туралы айтып берді.

Мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің жетекшісі Гүлжан Қабдархаманова осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексіне бірақтар түзету күшіне енгенін айтты. Ең басты өзгеріс – салықтың жаңа түрі – «E-Salyk Business» мобильді қосымшасының енгізілуі. Мамандардың айтуынша, оның шарттары патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға ұқсас. Келешекте бұл режим ауысатыны болжануда. Салықтың жаңа түрінің ерекшелігі – мобильді қосымшаның мүмкіндіктерін пайдалану.

 «Мобильді қосымшаны телефонға жүктеп, ондағы барлық салық операцияларын жүргізуге болады. Қосымшаны қолдану арқылы  кәсіпкерлер салықтар мен әлеуметтік төлемдер есептілігін жүргізуден босатылады.  Өйткені кәсіпкер қосымшада қалыптастырған чектер негізінде автоесептеу жүргізіледі. Тағы бір маңызды артықшылық – мобильдік қосымшаны пайдаланатын бизнес субъектілері бақылау-кассалық аппараттарды қолданбауға құқылы. Барлық операция қосымшаның ішінде жүргізіледі. Бүгінгі күні қосымшаны патент бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер пайдалана алады. Екінші жартыжылдықтан бастап салық салудың жеңілдетілген жүйесі бойынша жұмыс істейтіндерге де қолжетімді болады», – деді Гүлжан Қабдрахманова.

Бұдан басқа, жаңашылдықтардың қатарында – ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою үшін шек 30 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке дейін төмендетілді. Мамандардың айтуынша, өзгеріс кәсіпкерлердің талап-тілегін ескере отырып енгізілген. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін ҚҚС төлеуші ретінде қоюға шекті ұлғайту мүмкіндігі бар. Ол үшін үш компонентті интеграцияланған жүйені қолдану қажет.

 «Сонымен қатар биылдан бастап «Google-ға салық» енгізілгенін хабарлаймыз. Цифрлық салық қазақстандықтарға тауарлар мен қызметтерді электрондық сервистер мен сайттар арқылы сататын шетелдік компаниялар үшін енгізілді. Оның мөлшері ҚҚС аясында 12 пайызды құрайды», – деп атап өтті Гүлжан Қабдрахманова.

 Жиын соңында кәсіпкерлер мамандарға жеке сұрақтарын қойып, толымды жауап алды. Осы zoom-конференцияға ауыл кәсіпкерлері де қатысқанын атап өткен жөн. 

         


Еншілес ұйымдар

Серіктестер