astana-view

Сарапшылық командаларға өңірлерден кәсіби мамандарды тартамыз – Райымбек Баталов

2022 жылғы 23 Сәуір
8220 просмотров

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың бастамасымен Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің ашық отырысы Саран қаласында өтті.

 Саран қаласындағы жиынға өңірдің 50-ге жуық кәсіпкері – өңірлік кеңес өкілдері мен бизнесмендер қатысты. Қатысушылардың пікірінше,  мұндай бастамалар моно және шағын қалаларда бизнестің дамуына оң ықпал етуі керек.  

 Райымбек Баталов бизнесмендерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының трансформациясы және елдегі бизнесті дамытуға қатысты тұжырымдаманы таныстырды. Жоспар кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты.

 Алайда Палата жұмысына қатысты сын да айтылды. Салық төлеушілер мен бухгалтерлер қауымдастығының директоры Сара Жүнісова Палата қызметтеріндегі бюрократияны сынады. Спикердің пікірінше, «Атамекен» ҰКП-ны трансформациялау аясында қағазбастылық барынша азайтылуы қажет.

 «Мен «Атамекен» атынан жеке адамдар қандай да мүддені күйттеп, ілгерілетіп жатқан, миллондаған қаржыны талап ететін жобаларға  қарсымын. Ал электрон шот-фактуралар және тауарға жөнелтпе құжат сынды проблемаларды шешу қажет. Біз сіздерге қодау білдірдік, өйткені сіздер бізге көмек бересіз. Бірақ осы барлық аталған проблеманы шешіп беріңіз. Өйтпеген жағдайда ортақ жұмысыз алға баспайды», – деді Сара Жүнісова.

 Райымбек Баталов жұмыс барысына өзгерістер қажет екенімен келісті.

 «Барлық мәселеде ойымыз бір арнада түйісті. Сізбен келісем, Палатадағы бюрократияны жою керек, соның салдарынан ҰКП қызметіне қатысты сұрақтар туындайды. Тауарға жөнелтпе құжат, электрон шот-фактураға қатысты мәселелер да өзекті. Біздің ШОБ-ты дамыту департаментінің мамандары осы мәселелерді пысықтап жатыр», – деп атап өтті ҰКП басшысы.

 Бұдан басқа кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс, мемлекеттік сатып алу мәселелерін көтерді.

«Соңғы екі жылда Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуға көп өзгеріс енгізді. 2022 жылы ұсынымдық хаттарды тарату тәжірибесі қалыптасты. Онда сатып алуға енгізілген өзгерістер ұсынымдық сипатқа ие және заңдық күшке ие еместігі белгіленген. Ал Қаржы министрлігінен хат келген кезде аумақтық департаменттер сол ұсынымдарды орындауды міндеттейді. Соның салдарынан әлеуетті өнім берушінің тәжірибесін есепке алғанда, сатып алудағы жаңашылдықтарды түрлі қолдану орын алады. Сот бір шешім қабылдаса, комитеттер басқа, ұйымдастырушылар өз алдына басқа шешім шығарады», – деп пікірін білдірді Қарағанды құрал-механикалық зауыттың директоры Валерий Дробков.

«Сатып алу – маңызды мәселенің бірі. Біз жеке сарапшылық команданы құрып жатырмыз. Сіздер қазір бізге идея тастадыңыз. Біз өңірлерден білімді сарапшылар тізімін жинап, кәсіби бейіні бойынша жұмысқа тартамыз. Бұл тәжірибені сіздерге де қолдану тиімді болады. Бізге де тиер пайдасы мол, өйткені келісіп пішкен тоң келте болмайды», – деп ұсынды Райымбек Баталов.

 Өңір кәсіпкерлері осындай ашық отырыстарды тұрақты өткізу қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер