astana-view

Қызылордалық диқандар украиналық әріптестерімен бірге күріш өнімділігін арттыруды көздейді

2022 жылғы 26 Мамыр
- Қызылорда облысы
9289 просмотров

Қызылордаға Кәсіпкерлер палатасының шақыртуымен келген Украинаның Ұлттық күріш зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Дудченко Владимир, күріш зерттеу институтындағы тәжірибелік шаруашылық директоры Андрей Борейко, кәсіпкер Олександр Полохов аймақтағы су, ауыл шаруашылығы саласына жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен, шаруалармен кездесті.

Шарада шаруашылықты әртараптандыру, суды тиімді басқару мүмкіндіктері, екі жақты сауда-саттық пен күріштің шығымдылығы талқыланды.

Сырдария суының тартылып жатқанынан хабардар украиналық ғалымдар су тапшылығын шешуге болатынын айтып, еліндегі тәжірибемен бөлісті.

«Бізде екі облыс күріш егумен айналысады. Суды тиімді пайдаланудың арқасында сіздермен салыстырғанда екі есе аз қолданамыз. Бұл жерде Үкімет, жергілікті атқарушы орган және кәсіпкерлер бірлесе шара қабылдағанда ғана нәтижеге жетуге болады. Мәселен, шаруашылық иелері жерлерін тегістеумен айналысса, ал әкімдік каналдарды қоршап, реконструкция жасап, астын бетондап, жауапты мекеменің балансына беру жұмыстарын ұйымдастырғаны жөн. Жалпы бұл мәселе Украинада арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы шешілген», – деді Владимир Дудченко.

Кездесуде украиналық делегаттар күріш тұқымдарына қатысты толық ақпарат берді. Қазір қызылордалық дихандардың қолданып жүрген дәстүрлі тұқымдары гектарына 50-60 центнерден өнім берсе, Украинаның тұқымдарынан 105 күнде күрішті бастырып, 90 центнерге дейін өнім алуға болады. Өткен жылы Жалағаш ауданындағы «Ер Әлі» шаруа қожалығы осы тұқымды егіп, 90ц/га өнім алған.Шарада шаруаларға осы артықшылықтар айтылды.

Қонақтар қызылордалық кәсіпкерлермен сауда-саттық жағдайын да талқылады. Соңғы уақыттағы геосаяси ахуалға байланысты қызылордалық күріштің экспортқа шығуында айтарлықтай қиындықтар туындаған болатын. Екі ел өкілдері де байланысты қайта жандандыруға дайын екенін айтып, тауарды жеткізу бағытын келісті.

Сонымен қатар, мамандар ауыл шаруашылығын әртараптандыру мәселесін де талқыланды. Украинадан келген делегаттар Қызылордада жүзеге асыруға болатын бизнес жобаларды талқылады. Олар болашақта аймақта қант өндірісі секілді жобаларды жүзеге асырып көрмек.

«Украиналық әріптестеріміздің тәжірибесі бізге көп көмегін тигізеді деп үміттенеміз. Ең бастысы бүгінге әріптестік байланыс орнаттық. Алдағы уақытта тың тәжірибелерді облыстағы кәсіпкерлерге жеткізіп, бірге жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз», – деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Кездесу қорытындысымен қос тарап алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға уағдаласты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер