astana-view

Өнеркәсіптегі импорт алмастыруды дамыту керек – Райымбек Баталов

2022 жылғы 26 Мамыр
7705 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Бішкекте өткен ЕАЭО іскер топтары мен серіктес елдердің «Бизнесті жаңа жағдайда дамытудың перспективалық бағыттары» ашық диалогы шеңберінде іскерлік кеңес отырысы барысында сөз сөйледі.

ҰКП басшысы өз сөзінде қазіргі геосаяси жағдайда одақтың алдында бірқатар міндет тұрғанын, оларды шешу үшін дәл қазір жаңа бизнес-байланыстарды орнатып, жаңа модельдерді әзірлеу маңызды екенін атап өтті.

 «Біз шағын детальдар, шикізат, материалдардың кең ауқымын шетелден әкелеміз. Осы тауарларды Одақ ішінде өндіру мүмкіндігін пысықтау керек», – деді Райымбек Баталов.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының пікірінше, қазіргі жағдайда жаһандық өндірістік тізбектерге қарай интеграцияны дамыту жолымен жүру керек. Шикізат ресурстары экспортынан кетіп, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін қолға алу арқылы сыртқы саудадағы экспорт құрылымын біртіндеп өзгерту керек.  

«Санкцияларды айналып өтіп, логистикалық және қаржылық ағындарды өзгерту арқылы экономиканы қайта құру тиісті нәтиже бермейді. Импортқа тәуелділік проблемасын шешпейді. Одаққа мүше елдер экономикасының жаңа даму деңгейі бизнес пен мемлекеттің ортақ күш-жігері және дұрыс таңдалған даму стратегиясына байланысты болады», – деп атап өтті спикер.

Мұндай жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бизнесі арасындағы нақты жобаларды іске асыруда ынтымақтастықты сақтау және дамыту маңызды.

«Жаңа Қазақстанның бағыты – одақтас елдердегі серіктестермен өзара тиімді байланыс орнату, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға кедергі болып отырған шектеулерді алып тастау», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Іскерлік кеңес отырысы шеңберінде Еуразиялық экономикалық интеграцияны жаңа жағдайда дамытудың стратегиялық бағыттары және іскерлік қоғамдастықтың оны іске асырудағы рөлі, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде қызметтің басым түрлерінде (секторларында) бірлескен кәсіпорындарды құру және олардың қызметі бойынша жағдайларды қалыптастыру немесе жақсарту жөніндегі» ұсынымының жобасы, . үшінші елдерден іскерлік қауымдастықпен өзара іс-қимыл мәселесі талқыланды.  Сондай-ақ, шара барысында ЕАЭО Іскерлік кеңесі және Халықаралық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер конгресі (МКПП) және ЕАЭО Іскерлік кеңесінің және Молдова өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері конгресінің ынтымақтастығы туралы меморандумдарға қол қойылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер