astana-view

Импортталатын цемент те биржа арқылы сатылуы тиіс

2022 жылғы 01 Маусым
- Астана қаласы
7422 просмотров

Құрылыс материалдарын отандық өндірушілер Қазақстанға импортталатын цементті биржалық тауарлар тізбесіне енгізуді ұсынды.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің жанындағы Тауар нарықтарына кіруде кедергілерді анықтау және жою жөніндегі кеңесте «QazCem» цемент және бетон өндірушілер қауымдастығының қазақстандық нарықта осы тауарды сату үшін тең жағдай жасауға қатысты өтініші қаралды. Кеңес Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің төрағалығымен өтті.

QazCem атқарушы директоры Ербол Әкімбаев «Тауар биржалары туралы» ҚР Заңына және ҚР ҰЭМ министрінің №142 бұйрығына сәйкес СЭҚ ТН 2523 кодына (портландцемент, глиноземді цемент, қожды цемент, суперсульфатты цемент және ұқсас гидравликалық цементтер, боялмаған немесе боялған, дайын немесе клинкер нысанында) жататын тауарлар тобы партиясы ең кемі 60 тонна кезінде тауар биржалары арқылы сатуға міндетті екенін айтты. Қауымдастықтың мәліметінше,  цементті отандық өндірушілер жылына 16 млн тонна шығарады, ал Қазақстан нарығының қажеттілігі 10-11 млн тоннаны құрайды.

Отандық өндірушілер цементті тауар биржалары арқылы өткізеді,  сондықтан үнемі биржаның комиссиялық алымдары, брокерлік қызметтер, мәмілені қаржылық қамтамасыз ету және т.б. түрінде тұрақты шығындарға тап болады. Тұтастай алғанда қосымша қаржылық жүктеме миллиондаған қаражатты талап етеді. 

«Бұл ретте, ҚР-ға цементтің жыл сайынғы импорты 1 млн тоннадан астам цементті құрайды, бұл Қазақстан нарығының шамамен 10%-ы. Бұл ретте ЕАЭО және үшінші елдерден ҚР-ға цементті импорттайтын бизнес субъектілері оны тауар биржалары арқылы өткізбейді, демек, отандық өндірушілер көтеретін қосымша шығындарды көтермейді. Цементтің орташа жылдық бағасы 20 мың теңге болғанда, импорттық цемент көлемі 1 млн тонна – бұл заңнамада белгіленген тәртіптен тыс қолданыстағы импорттық цемент нарығының 20 млрд теңгесі», – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, жоғарыда айтылған дәйектерге қарамастан, ҚР Сауда және интеграция министрлігі өз хатында импорттық цемент саудасы ҚР заңнамасымен реттелмегенін хабарлады.

«Бұл тәсіл отандық бизнестің мүддесін қорғамайды, қазақстандық цементтің импортпен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді және бәсекелестіктің тең емес жағдайларын жасайды», – деп атап өтті спикер.

Қауымдастық импорттаушылар мен отандық өндірушілер арасындағы нарықтық жағдайларды теңестіруді және импортталатын цементті биржалық тауарлар тізіміне қосуды ұсынады. Қауымдастық мүшелерінің пікірінше, бұл шара импорттық цементтің көлеңкелі айналымын азайтуға мүмкіндік береді және ҚР бюджетіне салық түсімдерін арттырады. Өйткені қазір импорттаушылар салықты толық көлемде төлемейді.

Бұдан басқа, әкелінетін цементті биржа арқылы өткізу мемлекеттік сатып алу жобаларына импорттық цементтің түсуін болдырмау мақсатында цементті импорттайтын субъектілерге және импорттық цементті жеткізу тізбектеріне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Кедергілер жөніндегі кеңес мүшелері осы мәселені талқылап, қазіргі уақытта отандық және шетелдік өндірушілер үшін цемент саудасы үшін тең емес жағдайлар жасалғанына келісті. Осыған байланысты, бұл проблема республикалық уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде шешімдерді одан әрі іздеу үшін кедергілер картасына енгізілетін болады.

Сондай-ақ, отырыста ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Департаментінің басшысы Асқар Кішкембаев ақылы автотұрақтар мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Кеңес мүшелерінің оның жұмысына қатысу белсенділігі және оның құрамындағы өзгерістер, сондай-ақ отырыстар кестесін қалыптастыру мәселелері және кеңес отырыстарында кедергілер бойынша қарауға жоспарланған мәселелер тізбесі талқыланды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер