astana-view

Жигули Дайрабаев Аграөнеркәсіп кешені комитетін басқарады

2022 жылғы 03 Маусым
8334 просмотров

Жигули Дайрабаев Ұлттық палатаның төралқасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені комитетіне төраға болды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының аграрлық сала комитеті кезекті отырыс өткізді.

Айта кетейік, 2014 жылдан бері комитетке белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты Иван Сауэр төрағалық етті.

Жиын барысында Иван Сауэр комитет қызметін қорытындылап, әріптестеріне жемісті жұмысы үшін алғыс айтты.

«Осы уақытқа дейін бірнеше министрмен жұмыс істедім... Шешілмеген мәселе көп. Бірақ сіз бен біз болып, бірқатар шаруа тындырдық деп ойлаймын. Мен салада қаламын. Бір елдің азаматтары екенімізді ұмытпайық. «Атамекеннен» және сіздерден көп тәжірибе алдым, үйрендім», – деді Иван Сауэр.

Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Райымбек Баталов Иван Сауэрге елдегі аграрлық саланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Өткен 8 жыл ішінде Комитет сіздің басшылығыңызбен көптеген салалық қауымдастықтар мен одақтарды, ең бастысы – еліміздің барлық өңірінің аграршыларын біріктіріп, үлкен жолдан өтті. Саланың шоғырландырылған ұстанымын әзірлеудегі тәжірибеңіз Үкіметпен сындарлы диалог құруға мүмкіндік берді. Ұлттық палата алдағы уақытта да ашық ынтымақтастық құруға дайын», – деді Райымбек Баталов.

Комитет төрағасы қызметіне екі кандидат: Жигули Дайрабаев және Қайрат Бейсетаев ұсынылды.

Комитет мүшелерінің көпшілігінің дауысымен Жигули Дайрабаев комитет төрағасы болып сайланды.

Жигули Дайрабаев – Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы.

Жаңа төраға алдағы міндеттерді белгіледі. Атап айтқанда, комитеттің мемлекеттік органдармен жұмыс тәртібі, агроөнеркәсіп өнімдерін арттыру және басқа бағыттар бойынша дамыту  жұмысын жалғастырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер