astana-view

Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларының мазмұнын анықтайтын болады

2022 жылғы 10 Маусым
- Астана қаласы
8154 просмотров

2022 жылғы қыркүйектен бастап қазақстандық колледждер академиялық дербестік шеңберінде білім беру бағдарламалары негізінде мамандар даярлауды бастайды. Олардың мазмұнын жұмыс берушілермен бірге айқындайтын болады.

Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасында «Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын әзірлеуде кәсіпкерлік субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасымен бірлесіп, ТжКБ ұйымдары мен елордалық жұмыс берушілердің осы мәселе бойынша өзара іс-қимылын жолға қою мақсатында ұйымдастырылды.

Оған «Talap» КЕАҚ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Білім беруді жаңғырту орталығы» МКҚК, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, Нұр-Сұлтан қаласы қауымдастықтары мен кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұр-Сұлтан Бейсен Жолболдиев бүгінгі таңда Қазақстанда колледждер тарапынан нақты кадрлық сұраныс пен ұсыныс арасында тұрақты теңгерімсіздік сақталып отырғанын атап өтті. Көбінесе жұмыс берушілер кешегі түлекті өз қажеттіліктеріне бейімдеу үшін қайта оқытуға мәжбүр. Бүгінгі жұмыс берушілер кешегі түлектер қатарындағы кандидаттардың біліктілік деңгейіне сенімді емес, сондықтан осындай проблемаларды шешу үшін өздерінің мамандандырылған оқу орталықтарын ашады және т.б.

«Еңбек нарығының бұл қажеттілігі жұмыс берушілер тарапынан сұраныс есебінен қалыптасатынын түсінеміз. Осыған байланысты, қазақстандық колледждердің академиялық дербестігі көптеген проблемаларды шешу жолындағы маңызды қадам. Жаңа оқу жылынан бастап академиялық дербестіктің арқасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі барынша икемді болады. Мұны түсіну жұмыс берушілерді білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс істеуге сендіруі тиіс»,-деді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Сонымен қатар, ол оқу орны мен өндірістің өзара іс-қимылы бірден екі тараптың үміттерінің сәйкес келу деңгейіне жетпейтінін атап өтті және бүгінгі іс-шара еңбек нарығында және білім беру қызметтері нарығында сұраныс пен ұсынысты қалыптастыру бойынша үлкен бірлескен жұмыстың басталуы болатынына үміт білдірді.

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, өз кезегінде, елордалық білім беру жүйесінде бизнестің қатысуынсыз еңбек нарығының нақты талаптарына сәйкес келетін кадрлар даярлау мүмкін емес деген түсінік бар екенін атап өтті.

«Соңғы екі жылда біз колледж директорларымен жылдар бойы қалыптасқан психологияны өзгерту үшін үлкен жұмыс атқардық. Мысалы, бизнес бізге маман дайындағанша төрт жыл күтуге дайын емес екенін айтты.  Сонымен қатар, студент оқудың ортасына жеткенде, оқытуда қолданылатын технологиялар ескірген. Мысалы, қысқа мерзімді курстардан алуға болатын дәнекерлеушінің жұмыс біліктілігін алу үшін біз 3 жыл оқыдық: жалпы білім беретін пәндер жылы және бір жыл және 10 ай – жұмыс біліктілігі үшін.  Қазір жағдай өзгерді, біз 3 жылдан 2 жылға дейін қысқарттық. Оқудың бірінші жылының соңында оқу практикасы басталады. Бірақ бізді оқу мерзімі емес, оқыту сапасы, мазмұны толғандырады», –деді Қасымхан Сенғазыев.

Ол барлық елордалық колледждер білім беру бағдарламаларын талқылауға ашық екенін атап өтті. Әрқайсының жанынан индустриялық кеңес құрылған, оған қауымдастықтар да, жұмыс берушілер де кіре алады. Сондай-ақ олар білім беру бағдарламаларын өзгерту жөніндегі жұмыс топтарының құрамына кіре алады. Білім беру бағдарламаларын құрастыру кезінде WorldSkills стандарттарына баса назар аударылады.

Бұдан әрі «Талап» КЕАҚ және колледждер өкілдері білім беру ұйымдарының академиялық дербестігін ескере отырып, ТжКБ білім беру бағдарламаларын әзірлеу ерекшеліктеріне қатысты өз пайымдауларын берді.

Талқылау қорытындысы бойынша колледждер мен жұмыс берушілер сұранысқа ие мамандықтарға сүйене отырып, әріптестік туралы уағдаласты, сондай-ақ білім беру процесіне жұмыс берушілердің көп санын тарту үшін мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер