astana-view

Экспорт лицензиясы шаруалар үшін қосымша шектеу болады – «Атамекен»

2022 жылғы 14 Маусым
6433 просмотров

Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорт өніміне лицензия енгізбек. Шаруалардың бір бөлігі бұл нормаға қарсылық білдірді. Олардың айтуынша, бұл бизнеске жаңа шектеу енгізумен бірдей.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында шаруалар мен мемлекеттік органдардың өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импортын лицензиялау мәселесін талқыланды.

Мәселені қысқаша тарқатсақ. Шаруалар өнімін экспортқа шығару үшін бірқатар құжат жинайды. Ол құжаттарды алу үшін қанша уақыт пен қаржы шығындалады. Яғни, онсыз да тауарды экспорттау үшін талап көп. Енді оның үстіне лицензия қосылса, шаруалардың кәсібіне кедергі келтіреді. Квота шаруаларға қандай қиындық туғызса, лицензия да сондай болмақ. Бұл – лицензияға қарсылық білдірген шаруалардың уәжі.

Ұлттық палата Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеев салалық одақтар мен қауымдастықтар тарапынан экспорт пен импорт лицензиясына қатысты сұрақтың көп екенін атап өтті.

«Соңғы бір жарым жылда қантқа квота бөлу, бидайға шектеу салуға қатысты мәселе артты. Экспортты бақылау, лицензия беруге байланысты бизнестің сұрағы көбейді», – деп бастады жиынды Ербол Есенеев.

АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепованың айтуынша, ведомство экспортқа лицензия беру процедурасын барынша жеңілдетуге тырысқан.

«Лицензия берудің өзі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, санына қарай шектеп бөлу. Екіншісі, сертификаттың өзін беру. Экспорттаушыларға ыңғайлы болуы үшін талаптың бәрін бір бұйрыққа енгізіп, бір қағидада көрсеттік. Кәсіпкер бір рет қана өтінім береді. Лицензия беру мерзімі де қысқарды. Осындай өзгерістермен уәкілетті органдар мен кәсіпкерлерге жолдадық. Қандай да бір ұсыныс болса, әрі қарай талқылап, тезірек жолдауыңызды сұраймыз», – деді Назгүл Хатепова.

Сондай-ақ, АШМ өкілі лицензия Еуразиялық Экономикалық комиссияның аясында қаралып жатқанын айтты.

Алайда, экспортқа лицензия енгізуге қатысты кәсіпкерлердің пікірі екіге бөлінді. Бір тарап лицензияны бақылап көрейік десе, екінші тарап бұл бизнеске қосымша шектеу болады деген уәж айтты. Қарсылық білдірген кәсіпкерлер онсыз да көп талаптың үстіне қосымша лицензия қосу – бизнесті кері тарту деп бағалады. Мұнымен қоса, бұл лицензия қандай мақсатта берілетіні түсініксіз екенін алға тартты.

«Ведомствоаралық комиссия бизнестің қатысуынсыз қандай да бір шешім шығарып, алдын ала анализ жасамаса, онда біз экспорт лицензиясына қарсымыз. АШМ оның бизнеске қандай пайдасы барын түсіндірсін», – деді «Картоп және көкөніс өсірушілер» одағының президенті Қайрат Бейсетаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер