astana-view

Алматыда еліміздің сапа саласындағы беделді байқауларына қатысу бойынша оқу семинары өтті

2022 жылғы 16 Маусым
- Алматы қаласы
7858 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында қаланың шағын, орта және ірі бизнес өкілдері жиналды. Оқу семинары «Алтын сапа» байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өтінім берген кәсіпкерлер, сондай-ақ әлеуетті қатысушылар арасында өтті.

 Семинар байқау материалдарын дайындау бойынша қатысушыларға кеңес беру мен әдістемелік көмек көрсету, байқаулардың өткізу тәртібі мен ережелерін түсіндіруді, сапа саласындағы халықаралық байқаулармен таныстыруды көздейді.

Алматы бизнесінің қатысуымен өткен шараға «Атамекен» ұлттық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, Әлеуметтік бастамалар департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова арнайы келді.

 «Алтан сапа» байқауы Еуропалық сапа менеджменті қорының байқау үлгісіне негізделген. Бұл модель компанияға өзіне баға беруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, өзін-өзі бағалау – кәсіпорынның өзін-өзі жетілдірудің керемет құралы. Егер осы құралды игерсеңіз кәсіпорныңызды жоғары деңгейде шағара аласыз», – деді Салтанат Әбдікәрімова семинар барысында.

 Салтанат Әбдікәрімова Алматы бизнесінің белсенділігін атап өтті.

«Алматы кәсіпкерлері қашанда ең белсенді, жыл сайын Алматы қаласы бойынша өтінім саны басқа өңірлерден көп болады. Алматы кәсіпорындары – елдегі ең мықты бизнес. Бұл ісін тиянақты жүргізетін бизнес. Сондықтан кәсіпкерлер жоғары жетістікке жетеді. Маған алматылықтардың жаңа нәрсені игеруге, оқуға  қорықпайтыны ұнайды. Олар жаңаны үйренеді, жетілдіріледі әрі тез табысқа жетеді. Бұл қуантады», – деп қосты спикер.

 Семинарға 25 кәсіпорын қатысты.

 «Оқу семинарлары қатысушылар үшін қажет. Біз кәсіпкерлерге байқауларға қатысу шарттарын, құжаттарды қалай дұрыс рәсімдеу керегін түсіндіреміз, табысты кейстерді айтамыз. Әдетте, кәсіпкерлерде уақыт тығыз болады, осы ретте семинарлар оларға уақыт пен ресурстарды аз жұмсай отырып, өкәчіпорынды тиімді таныстыруға көмектеседі», –  ҰКП мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Самал Орасаева.

 Семинар форматы еркін нысанда өтті, онда кәсіпкерлер сұрақтар қойып, іскерлік байланысын кеңейтті, тәжірибе алмасты. Қатысушылар арасында байқаудың өткен жылдардағы жеңімпаздары да болды.

«Біз байқауға қатысу бойынша тәжірибеміз бар – 2017 жылы жеңіске жеттік. Біздің команда әрқашан өз өндірісін дамытуға, сапасын жақсартуға тырысады. «Алтын сапа» сыйлығы және көрме-байқау – өзіңді танытуға, сапа саласында жаңа биіктерге жетуге мүмкіндік. Ал байқаула аясындағы өңірлік және республикалық деңгейдегі тегін көрмелер өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Барлық қатысушыға жеңіс тілейміз», – деді «Angelcher» ЖШС компаниясының өкілі Александра Бергина.

 Бүгінге Алматы кәсіпкерлерінен «Қазақстанның үздік тауары-2022» көрме - байқауына қатысуға 33 өтінім келіп түсті, тағы 25 кәсіпкер "Алтын сапа"сыйлығын алу байқауына қатысуға өтініш білдірді.

Байқауларға қатысуға өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданады. Конкурс және номинация шарттары туралы толық ақпаратпен www.altynsapa.kz сайтында танысуға болады

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер