astana-view

«Бір ауыл. бір өнім» жобасы алғаш рет жүзеге асты

2022 жылғы 24 Маусым
- Маңғыстау облысы
13635 просмотров

Маңғыстауда алғаш рет «Бір ауыл. Бір өнім» пилоттық жобасы жүзеге асты.

Бұл – әлеуметтік жоба. Республика бойынша 4 өңір таңдап алынған болатын. Маңғыстаудан Қарақия ауданының Құрық ауылы еніп отыр. Жоба аясында елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер жүн өнімдерінен түрлі бұйымдар жасап, бір ауылдың атымен бренд ретінде жасап шығармақ. Тауарлар ел ішіне және шетелдерге экспортқа да шығарылады. Енді ауылда кәдеге аспай жатқан жүндер өңделіп, түрлі бұйым жасалады әрі табыс көзі болады.

«Құрық ауылының қыз-келіншектері бұрынан да жүн өңдеп, одан бұйымдар жасаумен ерекшеленеді. Әртүрлі компаниялардың әлеуметтік жобаларына қатысып та жүннен бұйым жасауда тәжірибесі бар. Мақсат- үй шаруасында отырған аналарға жұмыс көзін тауып беру. Ауылдарда жүнді өртейді, аяғымыздың астында жатқан алтынның қадіріне жетпей жүрміз. Бүкіл әлемде эко материалдарды пайдалану сәнге айналды. Ал, бізде сұраныс жоқ. Сондықтан да қой, түйе жүнінен жасалатын заттарды жалпы қолданысқа енгізіп, эко шәркей, сөмке тағы басқа көптеген пайдалы заттар жасап үйреткіміз келеді. Бұл жобаның жүзеге асқанын қырғыз елінен көрдік. 163 ауылында үлкен табыспен қолданылып отыр. Осы әдісті Қазақстанға әкелу, ауылдардағы қыз-келіншектерді дамытуды 2018 жылы орталық аппаратқа ұсындық. Басшылықтан қолдау тауып, пилоттық жоба іске кірісті. Бұл нәтижелі болса, Құрықтағы тәжірибені басқа да ауылдарға қолданатын боламыз», – дейді Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова.

Шараға 28 әйел қатысты. Олардың ішінде көп балалы аналар, мүгедектігі бар нәзік жандылар мен жарымжан бала асыраушылар бар. Солардың бірі- Анар Қошаева.

«Біз Қолөнершілер Одағының үйретуімен азды-көпті тәжірибеміз болған. Бұл семинар күрделі әдістермен киіз бұйымдарын жасау бағытын көздеп отыр. Бұрын мұны тек бос уақыт өткізу, хобби ретінде көретінбіз. Енді осыны кәсіпке айналдырып, мол табыс табуға болатынына көзіміз жетіп отыр. Осыдан әрі жетілдіріп, күрделі жұмыстарды үйренуге дайынбыз»,- дейді ол.

Ауыл әйелдеріне киізбен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгертуге Алматыдан екі тренер келді. Құрықтың келіншектерінің қолынан шыққан бұйымдарды көріп тәлімгерлер ерекше қуанған. Енді ауыл шеберлерінің теориялық білімін толықтырмақ.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер