astana-view

Қармақшылық кәсіпкерді заңсыз тексерген мемлекеттік органның өкілі тәртіптік жауапкершілікке тартылды

2022 жылғы 01 Шілде
- Қызылорда облысы
7424 просмотров

Қармақшылық жеке кәсіпкер Бахтияр Жұмабеков азық-түлік сатумен айналысады. Кәсіпкер өткен жылдың тамызында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан жеңілдікпен қарыз алады. Аталған қаржыға Жосалы кентіндегі «Достық» сауда үйінен әлеуметтік азық-түлік өнімдері бұрышын ашып, 19 түрлі халық тұрақты тұтынатын тауарды осы жылдың сәуір айына дейін арзан бағамен тұтынушыларға ұсынып келді.

Биыл ақпанда Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің қызметкері кәсіпкердің дүкеніне оның қатысуынсыз және алдын ала ескертусіз барып, тексеріп, нәтижесімен қарыз беру шартының талаптары орындалмағаны жөнінде «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына хабарлайды.

«Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі бұл қадамын кәсіпкер, корпорация және бөлім арасында қол қойған Меморандумға сәйкес жүргізген мониторингпен түсіндірді. Бірақ заңда «мониторинг» деген термин жоқ. Мемлекеттік орган қызметкерінің кәсіпкерлік нысанда болғанын және корпорацияға жағдайды баяндап хабарлама беруін тексеру деп қана қабылдауға болады. Мемлекет басшысының шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялағанын басшылыққа алып, біз ауылшаруашылығы бөлімінің қабылдаған шешімдерімен келіспейтінімізді жеткіздік», – деді деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, бизнес-омбудсменнің Қызылорда облысындағы өкілі Салават Құлмахан.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері ары қарай мән-жайды баяндап аудан әкімдігіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне, өзге де жауапты салаларға хат жолдайды.

«Бөлімнің тексеруі кәсіпкерге айтарлықтай шығын әкелді. Корпорация кәсіпкерге 20 мың теңге айыппұл салды, сондай-ақ келісімшартты бір жақты бұзып, берген қарызын қайтаруды талап етіп отыр. Корпорация да кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан екі кәсіпкердің арасындағы мәселеге араласа алмаймыз. Салаға жауапты мемлекеттік органдардан алдағы уақытта кәсіпкерлерге қатысты қандай да бір шара қабылдамас бұрын салдарына мән беруін сұраймыз», – дейді Салават Құлмахан.

Жақында Кәсіпкерлер палатасына Қармақшы ауданы әкімінің аппаратынан хат келді. Хатта аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің әдіскері Қуаныш Булакбаевқа «ескерту» түрінде тәртіптік шара қолданылғаны жазылған.

Айта кету керек, кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқаны үшін облыста осы жылдың 5 айында 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер