astana-view

«Қара тізімнен» шығуға мүмкіндік бар

2022 жылғы 05 Шілде
- Алматы қаласы
11890 просмотров

Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы оннан астам компанияға жосықсыз өнім өндірушілер тізілімінен шығуға көмектесті. Өңірлік палата отандық кәсіпкерлер үшін «қара тізімге» қосу туралы шешімге шағымдану мүмкіндігі бірнеше ай бұрын пайда болғанын атап өтті.

 Мемлекет басшысы 2021 жылғы 15 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң Қаржы министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 35 бұйрығымен қолданысқа енгізілді. Ол жосықсыз өнім өндірушілер тізіліміне кірген кәсіпкерлерге келісім комиссиясына жүгіну арқылы мұндай шешімге шағымдануға мүмкіндік берді.

 «Мемлекеттік сатып алуға қатысатын тауар жеткізуші порталда уақытылы келісімшартқа қол қойып, қамтамасыз етуді енгізуі керек. Бұған дейін осы процедураларды дер кезінде орындамаған кәсіпкер автомат түрде жосықсыз өнім өндірушілер тізіліміне енгізілетін. Осындай жеткізушілер мемлекеттік сатып алуға қатысудан 2 шылға шеттетіледі. Қатысудан бөлек, құрылтайшы жаңа компания құру құқығынан айырылды», – деді Алматы қаласы ӨКП Мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту бөлімінің бастығы Жанна Мырзақұлова.

Бұған дейін тізілімнен алып тастау тек екі жағдайда болуы мүмкін: екі жыл өткеннен кейін автоматты түрде шығу және сот шешімі бойынша шығу (егер жеткізуші тізілімге қосу туралы шешіммен келіспесе, ол сотқа жүгінуі мүмкін).

«Өмірде түрлы жағдай болады, мысалы, адам ауруханаға түсті немесе тіркеуді қызметкерге тапсырды. Қызметкер бұл тапсырмаға немқұрайды қарап, салдарынан жетекші  мен компания тұтастай зардап шегеді. Енді кәсіпкер бұл шешімге шағымдануға құқылы. Келісім комиссиясы тағайындалады, онда сіз өтінім беріп, шағымдана аласыз, кәсібіңіз адал екенін дәлелдей аласыз. Көптеген компанияүшін мемлекеттік сатып алу – бұл жалғыз табыс көзі», – деп атап өтті Жанна Мырзақұлова.

 Келісу комиссиясы – келісімшарт жасаудан жалтарған және қара тізілімге енгізілген әлеуетті өнім берушілердің өтініштерін қарайтын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган. Оны тапсырыс беруші құрады.

«Әрбір жеке жағдай бойынша комиссия тағайындалады және біз жеткізуші мен тапсырыс берушінің позициясын тыңдаймыз, қандай жағдайда кәсіпкер тізілімге енді, мән-жайларды зерделейміз. Келісім комиссиясы сияқты тиімді механизмнің көмегімен қазір көптеген жеткізуші осы тізілімнен шығып жатыр, олар кішігірім бұзушылық болса кешіріледі. Тиісінше, мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығы қайта беріледі», – деді сарапшы.

2022 жылы келісім комиссиясының бірнеше отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша Алматы ӨКП қызметкерлері оннан астам кәсіпкерге жосықсыз өнім өндірушілер тізілімінен шығуға көмектесті. Егер бизнесмен тізілімге уақытында қол қоймағаны, құжаттарды тапсырмағаны үшін кірген болса, онда өтініш жазады. Осы өтініштің негізінде әкімдік комиссия тағайындайды, онда кәсіпкердің мәселесі қаралады. Сондай-ақ, әкімдіктер жыл басында осындай мәселелер бойынша комиссиялар құрып, олардың құрамын бекітуі тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер