astana-view

ШҚО-да кредиттік серіктестік қатысушыларының мәселесі шешімін тапты

2022 жылғы 14 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
6257 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың Шығыс Қазақстан облысына мамыр айындағы сапары барысында Өскемен және Семей кәсіпкерлері кредиттік серіктестіктерге қатысушылардың тоғыз жыл бойы шешілмей келе жатқан проблемасын атап өтті. Кәсіпкерлердің қызметі шоттарды тыйым салу және түрлі тыйымдарды енгізу себебінен тоқтап қалды. Бүгінде проблема бизнес-омбудсменнің, ШҚО әкімдігінің, прокуратура органдарының және ШҚО Кәсіпкерлер палатасының көмегімен шешіле бастады.

Естеріңізге сала кетейік, 9 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының кредиттік серіктестіктерге (КС) кірген және ортақ жауапкершілікте несие алған тұрғындары қарыз төлемеу проблемасына тап болды, бұл олардың еңбек және кәсіпкерлік қызметіне кері әсерін тигізді. Сот орындаушылары салған ауыртпалықтарға байланысты, оның ішінде мемлекеттік кіріс органдарында тіркеуге, елден тыс жерлерге шығуға және нотариаттық мәмілелер жасауға тыйым салынғандықтан кредит алу және кәсіпкерлік қызметпен айналысу мүмкін болмай қалды. Осындай қиындыққа тап болған кейбір кәсіпкерлер өз өмірін қиюға дейін барды. Бұл туралы бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсіновке Өскеменде өткен жеке қабылдау барысында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Азамат Биғалиев айтты.

«Кәсіпкерлер бұл қиындықтан шығатын жол таппай отыр. Кезінде оларға аялдамада мол ақшаны «ұстата салған еді», енді шоттарын қамауға алып, шектеулер қойып, тіпті ақша табуға және қарыздарын қайтаруға мүмкіндік бермей отыр», – деді Рустам Жүрсінов.

Мәселенің мәнісін толық түсінгеннен кейін ол бұл мәселені Шығыс Қазақстан облысының әкімімен және прокурорымен талқылады. Бизнес-омбудсмен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы «Ертіс» ӘКК-мен бірлесіп,  кредиторлық берешекті өтеу бөлігінде КС мүшелерінің борышын қайта құрылымдау немесе міндеттемелерін орындау мерзімдерін ұлғайту туралы мәселені пысықтауды ұсынды. Бұл ретте барлық бұғаттаулар мен тыйымдарды алып тастау қажет, деп атап өтті Рустам Манарбекұлы, адамдардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және табыс табуға мүмкіндігі болуы тиіс.

«14 маусымда ШҚО прокуратурасында ӘКК қатысуымен атқарушылық іс жүргізу шеңберінде медиативтік рәсімдерді қолдану мәселесін қарау туралы шешім қабылданды. Әрбір қарыз алушыны нақты пысықтау бойынша жұмыс басталды. ӘКК ұсынған тізімге сәйкес облыста өз міндеттемелерін орындамаған 1720 қарыз алушы бар. 29 маусымға дейін тізім төлем қабілеттілігі мен сенімділігі тұрғысынан пысықталатын болады. Тізімді пысықтағаннан кейін медиативтік рәсімдерді қолдану рәсімі басталады», – деп хабарлады өзінің Facebook-тегі парақшасында Рустам Жүрсінов.

Бір айдан кейін, атап айтқанда 2022 жылғы 14 шілдеде бизнес-омбудсмен облыс прокуратурасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңесінің отырысында «Ертіс ӘКК» АҚ ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп кредиттік серіктестіктермен және олардың қатысушыларымен кредиттік қаражатты қайтару бойынша жұмысты жалғастыратыны туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Бұл ретте ӘКК-ге берешектің бір бөлігін толық өтеген КС қатысушыларымен бітімгершілік келісімдер жасасу бойынша жұмыс жүргізу ұсынылды. Облыс Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасына ШҚО Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп барлық атқарушылық өндірістерге тексеру жүргізу, сондай-ақ жасалған бітімгершілік келісімдер аясында адал қатысушылардан ауыртпалықтарды алып тастау мүмкіндігі мәселесін пысықтау тапсырылды.

«Сіздерге сүйінші хабарды жеткізсем деп едім! Біз мониторинг жүргіздік, қазіргі уақытта 200-ден астам қарыз алушы қарызын толық өтеген. Осыған байланысты облыс әкімі мен прокурорға кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге көмектескені үшін алғыс айтқым келеді», – деп жазды Рустам Жүрсінов әлеуметтік желіде.

Құрметті Шығыс Қазақстан облысының Кредиттік серіктестіктерінің қатысушылары! «Ертіс» ӘКК алдындағы берешекті өтеуге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда сіз тікелей ӘКК-ге, сондай-ақ ШҚО Кәсіпкерлер палатасына 8 (7232) 742-103, 742-104 телефондары арқылы хабарласа аласыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер