astana-view

Бизнеске бірінші тоқсандағы тауар импорты үшін айыппұл салынбайды – Ұлттық палата

2022 жылғы 21 Шілде
8248 просмотров

 Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін Қазақстанға әкелінген импорттық тауарлар үшін ҚҚС төлеген кәсіпкерлерге есепке жатқызу әдісімен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбайтын болады. Мұндай шешім экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Комиссия отырысында қосылған құн салығын төлеу мәселесі қаралды.

 Салық кодексінің №427 және №428 баптарына импортталатын тауарларға ҚҚС есептеу әдісімен төлеу және осы тауар түрлері бойынша түзетулер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Тауарды сату үшін Ұлттық экономика министрлігінің 2018 жылғы 21 ақпандағы №67 бұйрығына сәйкес импортталатын тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізу қажет болды. Өзгерістер енгізілді. Алайда түзетулер үш айдан кейін ғана Экономика министрлігінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №31 бұйрығымен қолданысқа енді, негізінде түзетулер 2022 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген.

 Іс жүзінде осы жылдың бірінші тоқсаны реттелмеген, бақылаусыз қалды. Бизнес субъектілері сол кезде қолданылып жүрген тізбе бойынша жұмыс істеді және салық органдары тарапынан қандай да бір шағымдары болған жоқ. Алайда, №67 бұйрыққа өзгерістер енгізілгеннен кейін кәсіпкерлер салық органдарынан тізбеден шығарылған тауарлар бойынша өсімпұлдар есептей отырып, қосылған құн салығын төлеу туралы хабарлама ала бастады.

 Бұл мәселе 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастар бөлігінде ережелерді қайта қарау үшін Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияға шығарылды. Мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша майнингтік жабдықты қоспағанда, ҰЭМ-нің 2022 жылғы 31 наурыздағы № 31 бұйрығының қолданылуын 2022 жылғы 1 сәуірден бастап орын алған қатынастарға тарату туралы шешім қабылданды.

Демек, бұл бұйрық 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 сәуірге дейін болған құқықтық қатынастарға қолданылмайды. Сәйкесінше салық органдары осы кезең үшін өсімақы төлеуді талап етіп, айыппұл сала алмайды.

 

 

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер