astana-view

Қызылордада Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы қыз-келіншектерге тегін кәсіби білім беруді ұйымдастырып жатыр

2022 жылғы 27 Шілде
- Қызылорда облысы
8643 просмотров

Облыста наурыз айында ашылған Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бүгінге дейін 245 адамға кеңес беріп, 50 қыз-келіншекті оқытуды ұйымдастырды. Қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» жобасын Азия даму банкінің қаржылай қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып жатыр.

Орталықтың мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті әйелдердің кәсіби құзыретін арттыру.

Облыста соңғы 5 айда кеңес алған 245 қызылордалықтың 98-інің жеке кәсібі бар. Орталық маманы кеңес берумен қатар оқуға ниетті жандарға өздері таңдаған сала бойынша оқыту курстарын ұйымдастырып жатыр.

Тігін тігу бағыты бойынша курс жеке кәсіпкер Гүлжан Қуаңбаеваның орталығында өтуде. Гүлжан Амандыққызы осыдан алты жыл бұрын тігін цехын оқу орталығына айналдырып, мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыссыз азаматтарды оқытуды қолға алды. Енді міне жоба аясында биыл 25 қыз-келіншекке тігіп-пішуді үйретуде.  

«Қазір оқып жатқан жандардың басым бөлігі тігіннен хабардар. Бірі құрақ тігумен айналысса, енді бірі сумка, тұрмыстық заттар, ойыншықтар әзірлей алады. Дегенмен араларында киімді пішіп, тіге алатындары жоқтың қасы. Оқуды бастағанымызға бір айға жуықтап қалды. Жақын күндері курсты аяқтап, қатысушыларға біліктілік алғаны жөнінде сертификат табыстаймыз», – деді оқу орталығының жетекшісі Гүлжан Қуаңбаева.

Тігіп-пішуді үйренген қызылордалықтардың бірі Серіккүл Байжанова. 54 жаста. Бұрын медбике болып жұмыс істеген.

«Карантинде құрақ көрпе тігуді үйреніп алдым. Қазір тапсырыспен тігемін. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы тігін бағытында курс ұйымдастыратынын естіп, қатысамын деп шештім. Себебі тұтынушыларға ұсынатын өнім түрлерін арттырғым келеді. Мысалы, қазір балаларға арналған ұлттық киімдер, әйелдердің камзолдары сұранысқа ие. Курста соның қыр-сырымен танысып жатырмын. Өзіме көйлек тігіп алдым», – деп Серіккүл Байжанова сұхбат барысында үстіне киген көйлегін көрсетті. Ол алдағы уақытта кәсіпкер ретінде тіркеліп, ресми қызмет көрсеткісі келеді.   

Курсқа қатысып жатқан Айдана Капакова жеке кәсіпкер. Ол ерекше балаларды дамытуға арналған ойыншықтар тігумен айналысады.

«Отбасылымын. Ерекше бала тәрбиелеп отырмын. Осы баламды дамытып, жетілдіру үшін ойыншықтар әзірлеп бастағанмын. Кейін өзге де ата-аналардан сұраныс болып, сонымен жеке кәсібімді аштым. Бұрын тігінді көз мөлшермен тігетінмін. Осы курсқа келіп, өлшеудің, пішудің арнайы формулалары болатынын үйрендім. Алдағы уақытта ойыншықтармен бірге киімдерге де тапсырыс алғым келеді. Оқу жақсы өтіп жатыр. Тек уақыты өте аз. Қалағанымыздай үйреніп шығу үшін бір ай жеткіліксіз. Жоба алдағы уақытта жалғасатын болса мерзімін ұзартуды сұраймыз», – деді Айдана Капакова.

 

Қызылордадағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы осыған дейін 10 әйелді SMM-ге оқытқан. Тігіп-пішу курсындағы 25 келіншекпен бірге жақында кондитерлік курс оқып жатқан 15 азамат арнайы сертификатқа ие болады.

Аймақта кәсіппен айналысамын деген қыз-келіншектер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығынан кеңес ала алады. Мекенжайы: Қызылорда қ., Қорқытата көш.,123, 1-қабат («Бизнеске арналған Үкімет» ғимараты), 8/7242/400202. Кеңесші: Нұрханова Жадыра Мейрамбекқызы, 8 705 116 19 10 (Whatsapp).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер