astana-view

Премьер-Министрдің орынбасары Павлодардағы «Атамекенде» кәсіпкерлердің өнімдерімен танысты

2022 жылғы 02 Тамыз
- Павлодар облысы
5360 просмотров

Павлодар облысы бойынша «Атамекен» палатасының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановпен кездесу өтті.

Орталықта ол павлодарлық іскер әйелдердің ұсынылған өнімдерімен және қызметтерімен танысты.

Е.Тоғжановқа кәсіпкерлер шығарған арнайы балаларға арналған киімдер, менталды ауытқуы бар балаларға арналған оқу ойыншықтары, әйелдер сөмкелері, асхана үстелдері, кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар көрсетілді.

Кейбір іскер әйелдердің тағдыры қиын, бірақ соған қарамастан олар жұмыс істейді: олар өз кәсіптерін ашып, өнім шығарады, қызмет көрсетеді, салық төлейді, жұмыс орындарын ашады.

Мәселен, екінші топтағы мүгедек Елена Руди қолөнер саласында кәсіпті дамыту және ерекше мұқтаж жандарға сабақ беру үшін 5 миллион теңге грант алса, көп балалы ана Эльвира Давыденко асхана өндірісін іске қосты.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов әйелдердің табандылығы мен қажырлы еңбегін бағалап, оларға амандық пен еңбектеріне табыс тіледі.

2022 жылдың 15 наурызынан бастап Павлодар облысында Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмыс істейді.

«Орталықтың миссиясы – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, бұл әйел кәсіпкердің экономиканың тұрақты дамуына қосатын үлесін арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - дейді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.

Орталық қаржылай емес қызметтердің тұтас кешенін ұсынады: кеңес беру, кәсіптік оқыту, тәлімгерлік, семинарлар, шеберлік сабақтары, жеке кәсіпкерлерді тіркеу, салық және статистикалық есептерді тапсыруға көмек көрсету және т.б.

Фото: Валерий Бугаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер