astana-view

ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ-2022»  КӨРМЕ-БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

2022 жылғы 02 Тамыз
- Түркістан облысы
5276 просмотров

ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ-2022»  КӨРМЕ-БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

2022 жылғы 4 тамызда Түркістанда отандық өндірушілердің көрме-байқауы өтеді. Оған өңірден 80-нен аса кәсіпкер қатысады.

«Қазақстанның үздік тауары – 2022» көрме - байқауы бұрыннан ұлттық бренд мәртебесіне ие болды және сапа саласындағы ең беделділердің бірі болып келеді. Сондықтан кәсіпорындар көрмеде өнімін ұсына отырып, атауын танытуға мүмкіндік алады. Тұтынушыны тартып қана қоймай, жаңа серіктестер табуға, бизнестің жаңа бағыттарын ашуға болады.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – байқаудың операторы, ал жергілікті жерлерде оны ұйымдастыру өңірлік палаталарға жүктелген», - дейді  «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Тимур Нахипбеков.

Көрме коронавирус  пандемиясына байланысты екі жылдық үзілістен кейін өтеді.

Биыл өңірде байқауға қатысуға 80-нен астам тауар өндіруші өтінім берді.

Олар мынадай санат бойынша қатысады:

- өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар;

- үздік азық-түлік тауарлары;

- халыққа арналған үздік тауарлар.

«Қатысушылардың арасында танымал және бәріне ұнаған брендтер ғана емес, жаңадан бастаған кәсіпкерлер де бар», – деп атап өтті Тимур Нахипбеков.

Байқаудың өңірлік кезеңіндегі жеңіс, қатысушыларға өнімдері туралы тек облыс шегінде ғана емес, бүкіл Қазақстанға мәлімдеуге мүмкіндік береді. Жыл соңында үш номинация бойынша барлық жеңімпаз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайды.

Сонымен қатар, дипломанттар төрт жыл бойы байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану, яғни өз өнімдерін нарықта жылжыту құқығына ие болады.

Жыл сайынғы байқаудың басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, оларды тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілету және елде өндірісті дамыту.

Көрме-байқау сағат 10:00-22:00 аралығында өтеді.

Сағат 19:00-де көрме лауреаттарын марапаттау рәсімі басталады.

Өтетін орны: Түркістан қаласы Керуен сарай туристік кешені


Еншілес ұйымдар

Серіктестер