astana-view

Кәсіпкерлер Ұлытау әкіміне проблемаларын айтты

2022 жылғы 26 Тамыз
7062 просмотров

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесу Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Атамекен» ҰКП бастамасымен ұйымдастырылды.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, кәсіпкерлермен кездесу – облыс құрылған сәттен бастап ұйымдастырылған алғашқы ауқымды іс-шара.

«Біз Ұлытау облысының жаңа кәсіпкерлік инвестициялық мүмкіндіктерін ашуға, кәсіпкерліктің түйткілді мәселелерін талқылауға және оларды тиісті шаралар әзірлеу арқылы шешуге мүдделіміз», – деп атап өтті Берік Әбдіғалиұлы. Әкім мұндай кездесулер дәстүрге айналып, бизнес өкілдері тартылған жағдайда нәтижелі әрі тиімді болатынына сенім білдірді.

 «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков өңірлік палата кәсіпкерлермен бірлесіп  өзекті мәселелерді анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өтті. Бизнес, адвокаттық және заң қауымдастықтарымен өткізілген алдын ала кездесулердің қорытындысы бойынша проблемалар мен ұсыныстар пулы құрылды.

Ұлттық палатаның Ұлытау облысындағы өкілдігінің  мәліметінше, қазіргі кезде облыста 14 619 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 9 мыңға жуығы жеке кәсіпкерлер және 3 мыңы – фермерлер.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ең өзекті мәселелерді айтты. Олар мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруға қатысты. Кездесу барысында шешімін тапқан мәселелер болды. «ГИС-Жез» жеке кәсіпкерлігінің иесі Зарина Құрманбаева ағаш түрлерін өсіреді.  2022 жылы кәсіпкер бизнесін кеңейту үшін қосымша жер телімін жалға алуға бел буды. Алайда, Жезқазған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі жер телімін беруден бастап тартып, онда қалалық саябақ салу жоспарланғанын айтып, сондай-ақ, кәсіпкер өз қызметін жүзеге асырып жатқан жер телімі де тәркіленетінін жеткізген.

 Облыс әкімі уәкілетті ведомствоға кәсіпкерге көмектесіп, басқа жерде қосымша жер телімін бөліп беруді тапсырды.

«Мұндай жобалар біздің облысымызға қажет», – деп атап өтті Берік Әбдіғалиұлы.

Бизнесмендер өңірде туризмді дамыту келешегі және туристік әлеуетті дамыту үшін қажетті шаралар туралы айтты. Облыс құрылыс кластерін құруды қажет ететіні атап өтілді.

Отандық бизнеске қатысты жүйелі мәселелер де талқыланды – тауар өндірушілерге жеңілдікпен салық салу, бағаларды индекстеу, әсіресе орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтерілетін құрылыс материалдарына қатысты ұсыныстар айтылды. Үкімет жанында бизнес мәселелерін талқылау үшін алаң құрылды, онда «Атамекен» ҰКП аптасына екі рет мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді талап ететін өзекті және жүйелі проблемаларды көтереді. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша олардың шешімі ерекше бақылауға алынған. Ұлытау облысының кәсіпкерлері бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды құруда осындай тәсілді қолдады.

«Атамекен» ҰКП Ұлытау облысындағы өкілдігінің басшысы Гүлмира Қаженованың айтуынша, бизнес-қоғамдастық пен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткен кездесулер бизнес үшін маңызды: олар мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіпкерлік мәселелерін шешу және өзара іс-қимылдың нақты механизмін құруға мүмкіндік береді.

«Әкім, облыстық бақылау-қадағалау органдары басшылары және кәсіпкерлердің қатысуымен өткен осындай кездесулер бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды.  Бизнесмендер проблемаларды айтуға, заңсыз қудалау мен негізсіз тексерулерге шағымдануға мүмкіндік алады, ал мемлекеттік органдар бизнеске өз талаптарын көзбе-көз түсіндіре алады. Осындай диалог өңірдің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Гүлмира Қаженова.

Тараптар бірлескен жобалар мен форумдар, конференциялар, тренингтер сияқты жалпы іс-шаралар ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін тұрақты кездесулер өткізу туралы уағдаласты.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер