astana-view

Жас кәсіпкерлерді 2,5%-бен қаржыландыру нәтиже береді – Айтуар Қошмамбетов

2022 жылғы 03 Қыркүйек
- Алматы қаласы
9818 просмотров

 «Атамекен» Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Мемлекет басшысының Жолдауына пікір білдіре отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас кәсіпкерлерді қолдау тапсырмасына жеке тоқталып, жеңілдікті несие жылдам әрі сапалы нәтиже беретінін атап өтті. Қолдау көмегімен Қазақстанда мыңдаған жас кәсіпкер қалыптасады деп санайды.

 «Жас кәсіпкер – қаржылық сауатты болу, ұйымдастырушылық, креативті ойлау. Бұл дегеніміз өз уақытыңның қожайыны болу, бұл – еліміздің сапалы адами капиталы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында келесі жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5%-бен жеңілдікпен микронесие берудің жеке механизмі іске қосылатынын атап өтті. Бұл кәсіпкерлік бастамасы бар жастар үшін өте жақсы мүмкіндік. Осы механизмді тиімді іске асыру үшін оған «Жас кәсіпкер» жобасына ұқсас кәсіпкерлік негіздеріне міндетті оқытуды енгізу қажет деп санаймын. Бұл бағытта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы үлкен тәжірибеге ие, бізде бизнес-тренерлер пулы құрылды, тренерлер мыңдаған қыз-жігітті оқытып, олардың алғашқы стартаптарын іске асыруға көмектесті.

Еске салсам, «Жас кәсіпкер» жобасы пилоттық режимде, жастар жылында 2019 жылы іске қосылды. Жобаның мақсаты – халықтың экономикалық белсенділігін арттыру және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға 18-29 жас аралығындағы жастарды тарту. Менің ойымша, біз осы мақсатқа қол жтекіздік.

«Жас кәсіпкер» жобасы аясында «Атамекенде» бизнес-тренерлер дайындалып, оқытылды. 3 мыңнан астам өтінімнің ішінен 200 кандидат іріктеліп алынды, олар тыңдаушыларды оқытып, тәжірибелерімен бөлісті, бизнесті жүргізудің қыр-сырын ашып, заң және экономикалық сауаттылық туралы айтты. Алматыда «Жас кәсіпкер»  жобасы арқылы 2 650 адам оқыды, 894 миллион теңгеге 1 772 грант мақұлданды.

 Қазақстандық жастар түрлі салалар: спорт, ІТ-бағыт, шығармашылықтағы жетістіктерімен әлем деңгейінде қуантып жүр. Бұл бағытта балалардың қаржылық сауаттылығы да маңызды. Шынында да, нарықтық жағдайда жас кезінде қаржылық сауатты болу көп мүмкіндікті ашады.

Жастарға жеңілдікпен микронесие беру жобасын жүзеге асыру үшін біз барлық нұсқаны талқылап, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз».

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер