«Атамекен» ҰКП және «QazaqGaz» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «QazaqGаz» ҰК» АҚ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Осы Келісім жаңа өндірістерді құру бағдарламасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын, газ саласы үшін дағдарысқа қарсы шараларды қарастырады.
Келісімге «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қол қойды.
«Қазір газ саласындағы стратегияны қалыптастыру үшін осы жұмысқа белсенді араласуымыз керегін көріп тұрмыз. Өз тарапымыздан бүкіл сараптаманы біріктіріп, әзірлеуге қатысып қана қоймай, іске асыруға атсалысуға дайынбыз. Жұмыс жоспарын құрамыз, бағыттар бойынша бірнеше негізгі алаңды анықтаймыз. Мысалы, ірі бизнеспен байланысты бағыт, қайта өңдеу бойынша жекелеген алаңдар бар, бизнес барлығын талқылауға дайын. Бұл бағытта бизнесте ақпарат болғаны маңызды. Үшінші маңызды мәселе – мемлекеттік сатып алу. Өйткені жұмыс ауқымы үлкен. Біз ашықтықты, демонополизацияны, бәсекеге қабылетті ортаны қолдаймыз», – деп атап өтті Ұлттық палата басшысы Райымбек Баталов.
«Атамекен» және QazaqGaz арасындағы ынтымақтастық Қазақстанның газ саласының жаңа стратегиясын әзірлеу аясында газ саласындағы отандық өндірушілердің жергілікті құрамын ұлғайту, сондай-ақ газ саласындағы сатып алудың ашықтығы бойынша жағдай жасайтын болады.
Сонымен қатар «QazaqGaz» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов келісім жергілікті бизнеске жаңа жобалар, өндірістік қуаттар, сондай-ақ Қазақстанда болмаған жаңа жұмыс орындарын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. QazaqGaz үшін бұл маңызды міндет, өйткені компания жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.
«Келісім аясында біз Ұлттық палатамен әлеуметтік тұрғыда әділетті тариф енгізуді қолға алғымыз келеді. Мемлекет басшысы жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» міндетін атап өтті. Сондықтан газ саласының тиімділігін қамтамасыз ету – газ саласы үшін маңызды міндет. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз бизнес талап-тілегін тыңдағымыз келеді. «Атамекен» – бұл бизнестің үні және бізде маңызды бағдарламалық бірлескен жұмыс болады», – деп атап өтті Санжар Жаркешов.
Сонымен қатар QazaqGaz еліміздің экономикалық дамуына маңызды түрлі жобалар бойынша жергілікті инвесторларды тартуды жоспарлап отыр.
«Бізде нақты жобалар, тауарлық газды дамыту перспективалары, ресурстық базаны ұлғайту, газ химиясы, қайта өңдеу, сондай-ақ газ тасымалдау жүйесін жаңғырту жобалары бар. Біз қазақстандық экономикаға инвестиция сала алатын қазақстандық бизнесті көргіміз келеді. Бұл жұмысқа газ саласы дайын, ұсынатын дүниелер, түрлі жобалар бар. Ұлттық палатамен жұмыс істеу бұл мүмкіндікті жақсартып, отандық бизнесмендерге мүмкіндік береді», – деді Санжар Жаркешов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: