astana-view

ҰКП мемлекеттік бюджетке тәуелді болмауы тиіс – Райымбек Баталов

2022 жылғы 10 Қазан
8366 просмотров

Ұлттық палата басшысы Райымбек Баталов ҰКП Төралқасының бірден үш комитеті мүшелерімен кездесіп, Палата жүргізіп жатқан трансформация туралы айтты.

ҰКП алаңында геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі, мұнай-газ өнеркәсібі комитеттері мен энергетика комитетінің бірлескен отырысы өтті.

Трансформация бойынша жұмыс 2022 жылдың қаңтарында басталды. Ол кезде Палатада өңірлік кеңестер, салалық қауымдастықтардың өкілдерінен 90 адамнан жұмыс тобы құрылды.

Жалпы 42 мәселе бойынша ұсыныстар жиналды, олар 4 блокқа бөлінді: тұжырымдамалық, мүшелік жарналар, Төралқа мен комитеттердің қызметі, ҰКП орталық аппараты және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының қызметі.

«Топтың жұмысына көңілі толмағандар бар, өйткені барлық ұсыныс енгізілмеген. Сондықтан, жаңа команда жұмысқа кіріскеннен кейін біз кестеге барлық ұсынысты жинадық, олар талданып, бизнес, комитеттер және Төралқамен бірлесіп, бірнеше рет талқыланды», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

«Біз жұмыс тобының 71%-ы жарналарды төлеудің қолданыстағы тәртібіне, атап айтқанда ҰКП арқылы төленуіне дауыс бергенін көріп отырмыз. Мен өзім салалық қауымдастықтар арқылы төлем жүргізілгенін қолдадым, бірақ жұмыс тобы мүшелерінің көпшілігі өз бетінше жинай алатынына сенімді болмады», – деді спикер.

Сонымен қатар «Атамекен» ҚР ҰКП мемлекеттік қызметтерден бас тартып жатыр. Райымбек Баталовтың пікірінше, Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бюджеттен тәуелсіз болуы керек.

 «Бұған дейін Палата бюджеті 11 млрд теңге бюджет қаражаты және 7 млрд теңге – міндетті мүшелік жарналардан құралған. Бұл тармақ бойынша біз бірнеше қызметтен бас тарттық. Мысалы «Бастау бизнес» жобасы Палата қорына 2,2 млрд теңге әкелетін. Қазір біз Палата кірісінде мемлекеттік бюджет үлесін 20 пайызға дейін қысқартып жатырмыз», - деді спикер.

Жиында 51 адамнан тұратын Төралқаның құрамын азайту, атап айтқанда Парламенттің 16 депутаты мен қоғам қайраткерлерін қысқарту және одан шығару ұсынылды. Сондай-ақ, аккредиттелген қауымдастықтардың өкілдерін босатып,  тек комитет төрағаларын қалдыру ұсынылды:

«Көпшілік өкіл емес, төраға үшін дауыс берді, егер ол сала үшін жауапты болса,  Төралқа құрамында болуы керек».

 Kazenergy мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы комитеттің өзі төралқаға кімді тағайындау керегін анықтауы тиіс деген позицияны білдірді.

 Талқылау барысында ҰКП басшысы Төралқа төрағасы, комитеттердің, сондай-ақ Төралқа мен басқарма мүшелерінің өкілеттік мерзімдерін қайта сайлау құқығымен 2 жылға дейін қысқарту жөнінде ұсыныс айтты. Жеделдік мақсатында Төралқаға Съездің өңірлік кәсіпкерлер палаталарын құру және жабу туралы шешімдер қабылдау және өңірлік кеңестердің сандық құрамын бекіту сынды өкілеттіктерін беру ұсынылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер