astana-view

Азия даму банкінің өкілдері Алматыдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында болды

2022 жылғы 17 Қазан
- Алматы қаласы
12586 просмотров

15 қазанда Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы алаңында Азия даму банкі директорлар кеңесінің мүшелері Алматы қаласының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында болды. Бұл кездесу АДБ Директорлар кеңесі мүшелерінің 2022 жылғы 15 қазан мен 18 қазан аралығындағы Қазақстанға ресми сапары аясында өткенін атап өткен жөн.

Іс-шара модераторы «Атамекен» ҚР ҰКП Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ақеркін Ералиева қонақтарды қарсы алып, «Атамекен» ҰКП мен Азия даму банкінің орталықтар құру жөніндегі жобаны іске асырудағы жемісті ынтымақтастығын атап өтті.

 «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары – әйелдердің кәсіп бастауда жеке қабілеттерін дамыту, тәжірибе алмасу, тәлімгерлермен жұмыс істеудің өзіндік алаңы. Орталықтар негізінде көптеген халықаралық қорлар және ұйымдармен ынтымақтастық жолға қойылған. Олардың мақсаты әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру. Мәселен, «Бақытты отбасы» орталықтары кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлік саласындағы біліктілікті арттырғысы келетін көпбалалы аналарды оқуға жібереді. Жалпы, біздің барлық инфрақұрылымдық жобаларымыз кәсіпкер әйелдердің сұранысын ескере отырып жүзеге асырылып жатыр және бұл бағытта республика бойынша 1800-ден астам мүшесі бар Іскер әйелдер кеңесі маңызды рөл атқарады», – деді Ақеркін Ералиева.

АДБ Директорлар кеңесінің мүшесі Серхио Лугареси мырза кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, банктің басымдықтарына қысқаша тоқталды.

«Біз АДБ Директорлар кеңесінің өкіліміз. Оның 11 мүшесі Қазақстанға елдегі АДБ жобаларының барысымен танысу үшін келді. Банктің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясы бар, онда гендерлік теңдікке қол жеткізуді қоса алғанда, жеті негізгі басымдық кіреді. Біз сіздің әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы тәжірибеңіз, табыстарыңыз туралы, сондай-ақ жобаны жүзеге асыру кезеңінде кездесетін қиындықтар туралы білгіміз келеді», – деді Лугареси мырза.

Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов Қазақстанның 17 өңірінде Әйелдер кәсіпкерлікті дамыту орталықтарын құру жобасы Ұлттық палата үшін стратегиялық маңызды серіктестердің қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

«Қазақстан үшін бұл бастама әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігі орталықтарын тұрақты дамытуға бағытталған бірегей, инновациялық жоба. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының қызметі тұрақты даму саласындағы мақсатқа, еліміздің гендерлік стратегиясына және гендерлік саясатты жақсартуға және ерлер мен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерге тең қолжетімділігін күшейтуге, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының гендерлік стратегиясына қол жеткізуге ықпал етеді», – деп атап өтті Жаркенов мырза.

Спикер Түркістан қаласында 2021 жылы 19 қарашада тұңғыш Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы құрылып, 2022 жылдың 15 наурызынан бастап Қазақстанның 17 өңірінде орталықтар кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге есігін айқара ашқанын еске салды. Орталықтар халықаралық озық тәжірибе негізінде құрылды, бизнес саласында табысты дамуы үшін анықталған қажеттіліктерге сәйкес 7905 әйелге қызмет көрсетіледі.

«Атамекен» ҚР ҰКП Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының басшысы Нәзира Жақыпбаева орталықтар жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталды.

 «Орталықтардың миссиясы – бизнесті ұйымдастыру мен дамытуға қолдау көрсету арқылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту. Орталықта біз кеңес береміз, оқыту, тәлімгерлік және сыртқы бизнесті бағалау қызметтерін көрсетеміз», – деді спикер.

Назира Жақыпбаеваның айтуынша, бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары Қазақстанның 17 өңірінде 2022 жылдың наурыз айынан бастап «Атамекен» ҚР ҰКП Өңірлік кәсіпкерлер палаталарының базасында жұмыс істейді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары әйелдердің қажеттіліктеріне негізделген қызметтердің 7 түрін ұсынады. Орталықтардың тұрақтылығы қамтамасыз етілді: республикалық бюджеттен қаржыландыруды келесі 3 жылға, 2023 жылдан 2025 жылға дейін бөлу жоспарланған.

 «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік бастамалар департаментінің басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова жобада қолданылатын жаңаша тәсіл туралы айтты.

«Егер бұрын қолдау құралдары белгілі бір санаттағы адамдар үшін әзірленгеніне негізделген болса, өтініш берушілер шарттарға сәйкес келе ме, келмей ме, бағаланатын.  Бұл жобада алғаш рет әйелдерден нені қалайтынын, нені үйренгісі келетінін сұрайтын құрал жасалды. Осыдан кейін ғана оқу курстары мен тренингтерге тапсырыс жасалады», – дейді Салтанат Әбдікәрімова.

Жиында Әйелдер кәсіпкерлігі орталығының қолдауымен кәсіп бастаған кәсіпкер әйелдер нақты кейстер мен табыс жолын бөлісті.

Көпбалалы ана, әлеуметтік кәсіпкер Шынар Баймұханова бау-бақшаны жақсы көретін. Әйел хоббиін бизнеске айналдырғысы келді. Орталықтың қолдауымен ол кәдімгі жылыжай мен эко өнімдерді сатудан кәсібін бастады. Ол тек органикалық көкөніс өсірумен айналысатынын айтты. Өсіру кезінде химиялық заттар қолданылмайды. Әйел жылыжай алаңын ұлғайтуды көздеп отыр. Кәсіпкер Әйгерім Кариева кәсібін кеңейтіп, басқа әйелдерге қаржылық сауаттылықты үйрете бастады. Көпбалалы ана Сандуғаш Есенбекова орталықта кәсіп жүргізуді меңгеріп, бүгінде жеке тігін цехын ашып, халықтың әлеуметтік осал санатындағы 20 әйелді жұмыспен қамтып отыр. Жәмилә Тұрымқожаева да тігін цехын ашты. Тоқыма бұйымдарына кесте тігумен айналысады. Наталья Сидорович бизнесті жүргізуді үйренді, тәлімгерінің қолдауының арқасында франчайзингті дамытты және қазір балаларды оқыту орталығын кеңейтуде. Барлық кәсіпкер әйелдер АДБ өкілдерін бизнесті жүргізудің қысқа мерзіміндегі табандылығы және жетістіктерімен таң қалдырды.

 Қазақстандағы АДБ директоры Нариман Маннапбеков кәчіп бастап, табысқа жеткен әйелдерге алғысын білдіріп, бизнесті дамытуда табыс тіледі.

Одан кейін пікірталас отырысы өтіп, Азия даму банкі директорлар кеңесінің мүшелері өз ісін ашқан әйелдерге сауалдарын қойды.

Еске сала кетейік, Әйелдер кәсіпкерлікті дамыту орталықтарын құру жобасы 2021 жылдың қарашасында іске қосылды және оны Азия даму банкі (АДБ) қаржыландырады, 2023 жылдан бастап Ұлттық экономика министрлігімен серіктестікте республикалық бюджеттен қаржыландыру және іс-шараларды кеңейту жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер